
Бүгінгі таңда қоғамымызда діни сауаттылықты арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және ұлтаралық татулықты сақтау – басты назардағы мәселелердің бірі. Қоғамдағы рухани тұрақтылықты қамтамасыз етуде дін мамандарының, әсіресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдерінің атқарып отырған жұмысы айрықша маңызға ие.
Осы ретте біз ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлымен сұхбаттасып, дін мен дәстүр сабақтастығы, діни ағартушылықтың рөлі, жастар тәрбиесі мен қазіргі заманғы діни ахуал жайлы бірқатар өзекті сауалдарға жауап алдық.
– Ислам діні ұлтаралық татулық, көпэтносты қоғамдағы бейбіт өмір туралы не дейді? Құран мен сүннетте бұл мәселе қалай көрініс табады?
– Ислам діні – тек бір ұлттың немесе бір аймақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың игілігі үшін түскен ұлы дін. Оның басты қағидаларының бірі – адамдар арасында бейбітшілік пен өзара түсіністік орнату, түрлі ұлт пен ұлыс арасында татулық пен ынтымақтастықты сақтау.
Ұлттар мен ұлыстарға бөлінуіміздің мәні – бір-бірімізді тану, түсіну, бірлік пен бейбіт өмір сүруді үйрену. Демек, әр адам өз ұлтын жақсы көріп, тілі мен мәдениетін қадірлеп, еліне адал қызмет ететін патриот болуы керек. Алайда бұл өз ұлтыңды басқа ұлттардан жоғары қою, өзгелерді кемсіту немесе бөлектеу дегенді білдірмейді. Ислам діні мұндай ұлтшылдықты құптамайды, керісінше, әділдік пен теңдікті басты орынға қояды. Исламда "жаман ұлт" деген түсінік жоқ. Қай ұлттан шықса да, адамды жақсы не жаман ететін – оның іс-әрекеті мен ниеті.
Сол себепті дініміз әрбір мұсылманды әділеттілікке, сабырлыққа, өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарауға шақырады. Осы тұрғыдан алғанда, ұлтаралық татулық пен келісім – Ислам дінінің қолдайтын әрі дамытатын негізгі құндылықтарының бірі. Бұл қағиданы ұстана отырып, кез келген көпэтносты қоғам бейбіт өмір мен рухани дамудың үлгісіне айнала алады.
– Қазақстан – көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет. Мұндай қоғамда бірлік пен келісімді сақтау үшін діни институттар қандай рухани рөл атқара алады деп ойлайсыз?
– Көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет жағдайында діннің, әсіресе ресми діни мекемелер мен діни институттардың қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы рөлі айрықша маңызды. Дін – адамдарды рухани тәрбие мен адамгершілікке баулитын, жүректерге сабыр мен мейірім ұялататын үлкен күш. Сондықтан ол әлеуметтік келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтудың тиімді құралы ретінде қарастырылады.
Алайда, қазіргі таңда дін атын жамылып, өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін әрекет ететін түрлі теріс ағымдар мен экстремистік, террористік ұйымдар қоғам үшін аса қауіпті факторға айналып отыр. Олар әлемнің түкпір-түкпірінде ғана емес, кейде өз елімізде де іріткі салуға әрекет етеді. Бұл ерекше ескеруді талап ететін мәселе.
Мұндай жағдайларда халықтың діни сеніміне селкеу түсірмеу, ел ішіне іріткі салуға жол бермеу – ресми діни мекемелер мен имамдардың басты міндеттерінің бірі.
Сондықтан бүгінгі күні діни институттар халық арасында ағартушылық жұмыстарды белсенді жүргізіп, әсіресе діни сауаты төмен азаматтармен жүйелі түрде жұмыс істеуі қажет.
Бұл бағытта олар тек діни білім берумен шектелмей, қоғамдағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға, жастарды теріс ағымдардан қорғауға, дұрыс діни көзқарас қалыптастыруға күш салуы тиіс. Қоғамдағы тұрақтылық – тек құқықтық немесе саяси саладағы іс-шаралардың нәтижесі емес, ол рухани тұтастықпен де тығыз байланысты. Ал бұл тұтастықтың діңгегі – діннің бейбітшілікке үндейтін, адамды ізгілікке тәрбиелейтін мәңгілік құндылықтары.
– Исламдағы "үмбет" ұғымы этносқа емес, рухани ортақтыққа негізделеді. Бұл ұғым қазіргі қоғамдағы ұлтаралық келісім идеясына қалай үндеседі?
– Ислам дініндегі "үмбет" ұғымы – бүкіл мұсылман қауымын біріктіретін рухани тұтастықтың нышаны. Бұл ұғым мұсылмандардың ұлт, тіл, нәсілге бөлінбей, бір Аллаға иман келтірген бауырлар ретінде бір-бірін қолдап, құрметтеп, өзара мейірімді қарым-қатынаста өмір сүруі керектігін білдіреді. Исламда мұсылман адам қай ұлттан шыққанына қарамастан, үмбеттің толыққанды мүшесі саналады. Бұл – діннің әмбебап әрі біріктіруші сипатының бір көрінісі.
Үмбет ұғымы мұсылмандар арасындағы шынайы бауырмалдықты, өзара жауапкершілікті, қолдау мен түсіністікті нығайтуға бағытталған. Мұның өзі ұлтаралық келісім мен бейбіт қатар өмір сүру идеясымен тығыз үйлеседі.
Сондықтан бұл түсінік бүгінгі көпұлтты қоғамдарда аса маңызды рөл атқарады. Ол адамдарды тек діни тұрғыдан ғана емес, рухани, мәдени, адами тұрғыдан да жақындастырады. Исламдағы үмбет концепциясы – ұлтаралық татулықты нығайтып, бірлік пен келісімді сақтауға негіз болатын басты құндылықтардың бірі.
Оқи отырыңыз: Қажылыққа жинаған ақшасын сырқат балаларға бөліп берген қарияға ҚМДБ жолдама сыйлады
– Ұлтаралық келісімнің тұрақтылығы үшін діни білім беру мен уағыздардың мазмұны қаншалықты маңызды? Діни қызметкерлер бұл бағытта қандай жауапкершілікке ие?
– Ұлтаралық татулықты сақтау ісінде діни білім берудің маңызы айрықша зор. Дін – адамдарды тек рухани жетілдіру құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы бейбіт өмір мен келісімді қалыптастырушы маңызды тетік. Бүгінгі таңда әлемде діни сауатсыздықтың салдарынан түрлі теріс ағымдар мен адасқан идеологиялар қоғам ішіне іріткі салуға тырысуда. Өкінішке қарай, кейде мұндай теріс пиғылды топтар дінді бетперде етіп, Құран аяттары мен хадистерді бұрмалап түсіндіреді. Олар дінді өз мақсаттарына пайдалануға тырысып, халықтың сеніміне селкеу түсіреді.
Осындай жағдайда дін саласында терең білім алған, ғылыми негізде білім тарататын ғалымдар мен білікті мамандардың араласуы аса қажет. Тек осындай мамандар ғана теріс ағым өкілдеріне дәлелмен, сауатты уәжбен жауап бере алады және қоғам мүшелерін адасудан сақтап қала алады.
Сонымен қатар, имамдар мен діни қызметкерлер де бұл бағытта белсенді болуы керек. Олар халық арасында діни сауаттылықты арттырып, жастарға дұрыс діни түсінік беру жолында жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Қате бағыттағы адамдарға ескерту жасап, қажет болған жағдайда пікірталасқа шығып, шындықты дәлелдер арқылы көрсету – олардың маңызды міндеттерінің бірі. Бұл – діни қызметтің негізгі миссиясы: қоғамды рухани тұрғыда қорғау, адасқан топтардан арашалау және халықтың бірлік пен татулықта өмір сүруіне жол ашу.
– Кейбір қоғамдарда діни ұрандар ұлтаралық араздықты күшейту үшін қолданылып жатады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін дін өкілдері қандай позиция ұстануы керек деп санайсыз?
– Кейбір қоғамдарда дінді ұлтаралық араздық туғызу құралы ретінде пайдалануға тырысатындар расымен бар. Олар өз мақсаттарына жету үшін дін атын жамылып, халықты адастыруға тырысады. Мұндай ұрандар мен шақырулар – шын мәнінде діннің мәніне мүлдем қайшы, үстірт ойға, таяз пікір мен дүмшелікке негізделген әрекеттер. Ислам діні мұндай көзқарасты мүлдем қолдамайды.
Керісінше, Ислам – бейбітшілік пен татулықтың діні. Ол өзге дін өкілдерімен сабырлы, сыйластыққа негізделген қарым-қатынас орнатуға үндейді. Бұл қағидалар Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннетінде анық әрі нақты түрде көрініс тапқан. Ал діннің шынайы мәнін білетін ресми діни институттар мен білікті дін қызметкерлері мұндай арандатушылыққа қарсы тұрып, қоғамда тыныштық пен келісімді сақтауға атсалысып келеді.
Олар халыққа дұрыс діни түсінік беріп, Исламның шынайы бейнесін көрсету арқылы түрлі араздыққа жол бермеуге бар күшін салады. Сондықтан мұсылман қауымы дін атын жамылған теріс әрекеттерден аулақ болып, шынайы діннің бейбітшілікке, әділдік пен өзара құрметке негізделетінін әрдайым есте ұстауы қажет.
– Бейбітшілік пен татулық туралы айтқанда, Исламда бүлік пен араздықтың салдары туралы ескертулер жиі кездеседі. Бұл ұстанымдарды қазіргі жастарға қалай түсіндіруге болады?
– Бейбітшілік пен татулықты сақтау – Ислам дінінің негізгі әрі тұрақты ұстанымдарының бірі. Ислам – адамзат баласын татулық пен ынтымаққа, әділдік пен мейірімге үндейтін дін. Құран Кәрімде Алла Тағала мұсылмандарды бөлінушілікке емес, бірлікке шақырып, оның маңызын айқын етіп көрсеткен. Мәселен, "Әли Имран" сүресінің 103-аятында былай делінеді: "Барлығың Алланың жібіне жабысыңдар, бөлінбеңдер!". Бұл аятта Алла Тағала мұсылман үмбетіне бірлікті ту ету қажеттігін ескертеді. Бөлінушілік – тек діни ғана емес, әлеуметтік және ұлттық тұтастыққа да үлкен зиянын тигізетін құбылыс. Сондықтан қоғамда татулық пен өзара түсіністікті сақтау – әрбір саналы адамның борышы.
Әсіресе жастар арасында бейбітшілік пен бірліктің маңызын кеңінен түсіндіру – уақыт талабы. Жастарға бейбіт өмірдің артықшылықтарын нақты мысалдармен ұғындырып, бөлінушіліктің қандай зардаптарға апарып соғатынын көрсету арқылы олардың ой-санасына оң ықпал етуге болады. Тарихтағы алауыздықтар мен кикілжіңдердің салдарын баяндау – тәрбиелік тұрғыдан да, қоғамдық тұрақтылықты сақтау жолында да аса маңызды. Сондықтан қоғамның барлық саласында, әсіресе білім беру мен діни ағарту жұмыстарында жастарды бейбіт өмірге, ынтымақ пен келісімге баулу – келешек үшін жасалатын үлкен игілік.
– Мешіт мінберінен айтылатын уағыздарда этностар мен тілге қатысты тақырыптарға қалай зер салу керек деп есептейсіз? Қоғамдық бірлікті сақтау үшін қандай шектеу мен даналық қажет?
– Мешіттер мен түрлі діни жиындарда этносаралық татулық, өзара сыйластық және тіл мәселесі бұрыннан бері күн тәртібінен түскен емес. Имамдар мен дін өкілдері жамағатқа бірлік пен бейбіт өмірдің маңызын түсіндіру барысында тілдің де алатын орнын жиі айтады. Осы орайда қазақтың "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте" деген дана сөзі аса орынды. Бұл нақыл – тілді тек қатынас құралы емес, ұлттың рухани тірегі ретінде бағалаудың көрінісі. Халықтың ана тілі – Жаратушы Алланың берген үлкен нығметтерінің бірі. Құран Кәрімде де әр ұлт пен халықтың өз тілімен жаратылғаны туралы айтылып, тілдің Алладан келген сый екені ескертіледі. Бұл – әрбір адамның өз ана тіліне деген құрметін арттыруға, оны сақтап, дамытуға деген жауапкершілікті ұғындырады. Сондықтан ана тілімізді қадірлеу – біздің әрі діни, әрі ұлттық парызымыз. Ислам діні адамды тек бір тілде сөйлеуге міндеттемейді, қайта өз тілін сақтай отырып, басқа тілдерді үйренуге, өзге ұлт өкілдерімен сыпайы әрі түсіністікке негізделген қатынас орнатуға үндейді. Өз тіліне құрмет – өз тамырына, өз болмысыңа құрмет. Ал өзге тілдерді меңгеру – өзгеге құрмет, ынтымаққа ұмтылу. Бұл – Ислам дінінің бауырмалдық, кешірімділік және толеранттылық қағидаттарының бір көрінісі.
Оқи отырыңыз: Мұсылман күнтізбесі бойынша жаңа жыл басталды. Мұхаррам айында ораза ұстау міндет пе
– Діни сауаттылықты арттыру – ұлтаралық татулықты нығайтуға үлес қоса ала ма? Бұл ретте ҚМДБ қандай бағдарламалар немесе жобалар жүргізіп жатыр?
– Діни сауаттылық – ұлтаралық татулық пен қоғамдық тұрақтылықты нығайтудың маңызды рухани тетігі. Ол адамды тек діни тұрғыдан ғана емес, адамгершілік пен өзара сыйластыққа тәрбиелеу арқылы көпэтносты қоғамда бейбіт қатар өмір сүруге жол ашады. Діни тұрғыдан сауатты адам – өзінің де, өзгенің де құндылықтарын бағалай білетін, ар-ождан мен парасаттылықты ту еткен тұлға. Осы бағытта елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Әсіресе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұл саладағы қызметі ерекше. Басқарма қамқорлығындағы еліміздегі жалғыз Ислам жоғары оқу орны – "Нұр-Мүбәрак" Египет ислам мәдениеті университеті, сонымен қатар медреселер, колледждер мен мешіт жанындағы сауат ашу курстары – барлығы да діни білім беру арқылы қоғамға үлес қосып отыр. Бұл оқу орындарында білім алып жатқан жастар мен ересектер дінді дұрыс түсініп, радикалды көзқарастардан алшақ болуға, ұлтаралық келісімге негізделген ортақ құндылықтарды құрметтеуге тәрбиеленуде. Діни сауаттылық – тек намаз оқу мен ғибадат жасауды үйрету емес, ол адамға шынайы мұсылман болудың мәнін ұғындырып, өзін құрметтеуге, өзгеге мейірімді болуға, қоғамда жауапкершілікпен өмір сүруге баулу. Сондықтан діни ағарту жұмыстары – біздің рухани және әлеуметтік тұрақтылығымыздың негізгі тіректерінің бірі. Бұл – Қазақстандағы діни институттар атқарып отырған жүйелі әрі үздіксіз қызметтің жарқын нәтижесі.
– Қазақ халқының дәстүрлі діндарлығы мен ислам этикасы ұлтаралық мәмілеге қандай үлес қосып отыр? Бұл ерекшелік еліміздегі дінаралық және ұлтаралық үйлесімділікке қалай ықпал етуде?
– Қазақ халқының дәстүрлі діндарлығы мен ислам этикасы – ұлттың рухани болмысының өзегі әрі бүкіл адамзатқа үлгі боларлық құндылық.
Бұл қасиеттер әсіресе сын сағаттарда, тарихи қиын кезеңдерде анық көрініс тапты. Соның айқын мысалы – Кеңес үкіметі тұсындағы ұлттар тағдыры. XX ғасырдың 30–50 жылдары аралығында Қазақстанға күштеп жер аударылған 2 миллионнан астам өзге ұлт өкілдері қазақ жерінен пана тапты. Қазақ халқы сол бір ауыр кезеңде өзі де ашаршылық пен қуғын-сүргіннің тауқыметін тартып отырса да, жатсынбай, бөтенсітпей, сырттан келген жандарға құшағын ашты. Дастарханындағы соңғы нанын бөліп беріп, баспанасын бөлісті, жүрегінің кеңдігімен, адамгершілігімен бауырына басты.
Қазақ ешкімді ұлтына, нәсіліне немесе дініне қарап кемсітпеді, қайта бәріне бірдей қарап, қолындағы барымен бөлісті. Бұл – жәй мейірімділік емес, ғасырлар бойы қанға сіңген имандылық пен ізгілік жолының жемісі.
Мұндай кеңпейілділік пен кісілік – қазақтың тереңнен бастау алатын ұлттық дәстүрі мен ислам дінінің этикалық ұстанымдарының жарасымды тоғысуының жарқын көрінісі. Ислам – адам баласына тек мұсылман ретінде емес, алдымен адам ретінде қарап, кісілік пен қайырымдылықты өмірлік қағида еткен дін. Қазақ халқы бұл қағидаларды тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеп берді. Осы асыл қасиеттер – бүгінгі күнде де қоғамымызда ұлтаралық татулық пен конфессияаралық келісімді сақтаудың берік іргетасы болуға лайық. Өткеннің өнегесінен сабақ алып, болашақ ұрпаққа осы рухани мұраны жеткізу – әрқайсымыздың қасиетті парызымыз.
– Қазіргі ақпараттық кеңістікте ұлтаралық немесе діни араздық тудыратын арандатушы пікірлер жиі кездеседі. Дін өкілі ретінде сіз мұндай жағдайда қандай ұстанымда болар едіңіз?
– Өкінішке қарай, қазіргі таңда ақпарат кеңістігі шексіз түрде дамып, интернет пен әлеуметтік желілер адамдардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұрын тек кітап пен ұстаз арқылы алынатын білімнің орнына қазір кез келген ақпарат санаулы секунд ішінде әлемге таралады. Бұл – бір жағынан үлкен мүмкіндік болса, екінші жағынан өте үлкен қауіп. Себебі интернет бетінде кез келген адам түрлі жалған ақпараттар мен арандатушылық мазмұндағы бейнематериалдарға тап болуы әбден мүмкін.
Мұндай жағдайда қоғамда ағартушылық жұмыстарының рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түседі. Атап айтқанда, дәстүрлі ислам құндылықтарын, қазақтың бай рухани мұрасын, ұлттық болмыс пен тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрлерді кеңінен насихаттау – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Өйткені адам баласы рухани негізге, ішкі иммунитетке ие болмаса, кез келген теріс идеологияның ықпалына тез түсіп кетуі мүмкін. Қазақтың дәстүрі мен ислам дінінің этикалық ұстанымдары бір-бірімен астасып, үйлескен рухани жүйе ретінде ғасырлар бойы халқымызды адамгершілікке, сабырға, ізгілікке тәрбиелеп келеді.
Осы құндылықтар насихатталған жағдайда, халықтың рухани иммунитеті күшейеді. Адам өзін де, өзгені де тануға, ажыратуға, дұрыс пен бұрысты саралауға үйренеді. Сонда ғана азаматтарымыз теріс бағыттағы идеологияларға бой алдырмай, жалған ұрандар мен арандатушылыққа ермей, саналы әрі салиқалы таңдау жасай алатын деңгейге жетеді деп сенеміз. Бұл – тек дін мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның, әсіресе отбасы, мектеп, мешіт пен медиа өкілдерінің бірлесе атқаратын ортақ миссиясы.
– Дәстүрлі ислам мен ұлттық сана арасында тепе-теңдік сақтаудың маңыздылығы туралы не айтар едіңіз? Бұл ұстаным ұлт бірлігін нығайтуға қалай әсер етеді?
– Ислам діні – бүкіл адамзат баласына, барлық дәуір мен қоғамға арналған кемел дін. Ол белгілі бір ұлтқа немесе кезеңге ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ рухани бағдар ретінде түсірілген. Ислам өз табиғатында халықтардың мәдени ерекшеліктеріне, тілдік айырмашылықтарына, тарихи тәжірибесіне құрметпен қарайды. Сондықтан ол қандай да бір ұлттың дәстүрін жоюды көздемейді, керісінше, сол дәстүрдің шариғатқа қайшы келмейтін тұстарын қолдап, жетілуіне ықпал етеді. Біз, қазақ халқы, XIII ғасырдан бері мұсылманбыз. Осы ғасырлар бойы ислам дінін қабылдай отырып, өзіміздің ана тілімізді, рухани дүниетанымымызды, салт-дәстүрімізді сақтап келеміз. Бұл – дін мен дәстүрдің бір-біріне қарама-қайшы емес, қайта өзара үндесе отырып дамуының айқын дәлелі. Қазақы дүниетаным мен ислам құндылықтарының сабақтасуы нәтижесінде біз бүгінгі рухани мәдениетімізді қалыптастырдық.
Ислам – адамзатты ізгілікке, әділетке, мейірім мен бейбітшілікке үндейтін дін. Ал қазақтың дәстүрі – кісілікке, кеңпейілділікке, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеуге негізделген. Екеуінің тоғысуы біздің ұлттық болмысымызды байытып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани мұраны сақтауға жол ашты. Осы үйлесімділік пен тұтастық бізді өркениетті елдердің қатарына қосып, рухани бай, мәдениеті терең ұлт ретінде қалыптастырды.
Сондықтан біздің дініміз де, ұстанған жолымыз да, ата-бабадан жалғасып келе жатқан салт-дәстүріміз де алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқара беретініне сенеміз. Осы құндылықтарды сақтай отырып, біз адамгершілік пен ізгіліктің биік үлгісінде қала береміз.