
Соңғы жылдары әлемде ерекше бір тренд кең тарала бастады. Ол – "Барефутиң" немесе жалаңаяқ жүру мәдениеті. Барефутиң жақтаушылары аяқ киімді шешіп, жермен тікелей байланыста болудың денсаулыққа және психологияға пайдалы екенін алға тартады. Бұл жай ғана әуесқойлық емес, тұтас философияға айналып бара жатқан мәдениет. Әлемнің көптеген келінде жалаң аяқ жүрушілерге арнайы барефут саябақтары салынған. Осы ретте Informburo.kz ортопед дәрігер Асылбек Жолдасовтың көмегімен жалаң аяқ жүрудің пайдасы мен зиянын зерттеп көрді.
Барефутиң дегеніміз не?
"Барефутиң" (barefooting) – күнделікті өмірде аяқ киім кимей, жалаң аяқ жүру тәжірибесі. Бұл мәдениет әсіресе АҚШ, Германия, Жаңа Зеландия, Австралия, Жапония сияқты елдерде танымал бола бастады. Бұл – адам күнделікті өмірде аяқ киімсіз жүруді әдетке айналдырып, өзінің табиғи жүріс мәнерін қалпына келтіруге тырысады дегенді білдіреді.

Табанға еркіндік берсе, не болады?
Сырт көзге байқалмауы мүмкін, бірақ аяқ киіммен жүру мен жалаң аяқ жүрудің айырмашылығы үлкен.
Адам табаны – ерекше құрылым. Онда отыз шақты сүйек, ондаған буын мен сіңір жұмыс істейді. Ұзақ уақыт ауыр әрі табаны қатты аяқ киім кию табан құрылымының бұзылуына себеп болуы мүмкін. Себебі, табандағы қан айналымы баяулайды, жүру мәнері бұзылады. Әсіресе өкшесін тарсылдатып басып жүру тізеге, белге артық салмақ түсіреді.
Ал жалаңаяқ жүргенде адам әдетте табанның орта бөлігімен немесе ұшымен жүреді, бұл қозғалысты "жұмсартады", буындарға түсетін салмақ азаяды. Табан бұлшықеттері белсенді жұмыс істейді, қан айналымы жақсарады.
Жалаңаяқ жүру бәріне пайдалы ма?
Иә, жалаң аяқ жүрудің артықшылықтары көп. Бірақ, дәрігер ретінде ескертерім, бәріне бірдей пайдалы бола бермейді. Табан невропатиясы бар (бұл қант диабеті бар адамдарда жиі болады) адамдарға, табан терісі өте жұқа, сезімтал адамдарға жалаң аяқ жүру ұсынылмайды. Сонымен қатар суық ауа райында ұзақ уақыт жалаң аяқ жүру салқын тиюге әкелуі мүмкін.

Қазақстанда жалаң аяқ жүруге жағдай бар ма?
Қазақстанда табиғи орта кең болғанымен, инфрақұрылым мен қоғамдық сана әлі дайын емес. Себебі көшедегі тротуарлар қатты жабындымен қапталған, әрі лас болып жатады. Кей жерлерде жалаң аяқ жүру түгілі, қарапайым жаяу жүргінші үшін жағдай жасалмаған.
Сондай-ақ көпшілік жерде жалаңаяқ жүрген адамды орта дұрыс қабылдай алмайды. Оның сыртында климатты да ескеру қажет, себебі әр аймақта ауа райы әртүрлі, солтүстік өңірлерде суық ұзақ уақытқа созылады.
Дегенмен, таза саябақтарда, үй маңындағы көгалды жерлерде немесе жазғы демалыс кезінде жалаңаяқ жүру тәжірибесін бастауға болады.
Жалаңаяқ жүруді неден бастау керек?
Жалаңаяқ жүруге бірден көшіп кетуге болмайды, бұл дене үшін күтпеген стресс болуы мүмкін. Сондықтан оны біртіндеп, дұрыс тәсілмен бастау маңызды.
Үйде бастау: Алдымен, күн сайын үйде жалаң аяқ жүруге дағдыланыңыз. Жылы, таза еденде немесе жұмсақ кілем үстінде жүру табанға жайлы әсер етеді. Бұл бұлшықеттердің жұмысын күшейтеді, тепе-теңдік сезімін жақсартады.
Шөп үстінде немесе құмда: Ауладағы көгал, саябақтағы жұмсақ шөп немесе жағалаудағы құм – жалаңаяқ жүруге ыңғайлы орта. Алғашқы апталарда күніне 10-15 минут жеткілікті.
Қатты беттерге біртіндеп өтіңіз: Шөптен кейін ағаш еден, тақтайша, таста жүруді үйренуге болады. Осылайша табан әртүрлі текстураларды "оқып" үйренеді. Бұл кезеңде аяқта ауырсыну, шаршау сезілсе, уақытты қысқартыңыз немесе жұмсақ ортаға қайта оралыңыз.
"Барефут" аяқ киімді қолданыңыз: Қалалық жерде бірден жалаң аяқ жүру мүмкін емес. Сондықтан жұқа, иілгіш табанды барефут аяқ киімдер жақсы балама бола алады. Олар табиғи жүріс мәнерін сақтай отырып, табанды жарақаттан қорғайды.
Арнайы жаттығулар жасаңыз: Табан бұлшықеттерін нығайту үшін мынадай қарапайым жаттығуларды орындауға болады:
- Бақаймен қалам немесе сүлгі ұстау;
- Табанда доп домалату (теннис добы сияқты);
- Өкшемен тұру, аяқтың ұшымен тұру;
- Бір аяқпен тұрып тепе-теңдік сақтау.
Жаттығуларды күніне 5–10 минут жасау жеткілікті.
Егер сізде майтабан, варикоз немесе диабет болса, жалаңаяқ жүруді бастамас бұрын ортопед дәрігермен кеңескен дұрыс.

Аяқ күтімі – басты ереже
Жалаң аяқ жүру пайдалы болса да, одан кейін табанды қорғау маңызды. Себебі жалаң аяқ сыртқы ортаның әсеріне тікелей тап болады: кір, микроб, жарылу, жаралану сияқты қауіптер бар. Ортопед-дәрігер мынадай күтім тәртібін ұсынады:
Аяқты жуған соң жақсылап құрғатыңыз: Жалаңаяқ жүрген соң аяқты, табанды, бақай арасын жылы сумен жуып, міндетті түрде құрғақ сүлгімен мұқият сүртіңіз.
Ылғалдандырғыш крем жағыңыз: Серуеннен кейін табан терісі кеуіп кетуі мүмкін. Сол үшін қарапайым нәрлендіргіш немесе балауыз негізіндегі аяқ кремін қолданыңыз. Табан мен өкше бөлігіне көбірек назар аударыңыз.
Аптасына 1-2 рет скрабпен тазалау: Бұл тері қабатын жұмсартып, өлі жасушаларды кетіреді.
Қолайлы шұлық кию: Серуеннен кейін жұмсақ, таза шұлық киіп, аяқты демалту керек.
Жараны бірден өңдеу: Аяқта жара пайда болса, бірден өңдеу керек. Ол үшін сутегі тотығы немесе хлоргексидинді пайдалануға болады. Жараны құрғақ ұстаған жөн. Асқынып кетпеуі үшін бірнеше күн аяқ киім киіңіз немесе серуенге үзіліс жасаңыз.
Аяқты демалдырыңыз: Кешкісін аяқты жоғары көтеріп, 5-10 минут демалдырыңыз.
Егер табан терісі үнемі жарыла берсе, аяқта иіс пайда болса немесе қышу байқалса, қабыну, ісіну, қызару болса, міндетті түрде дерматолог немесе ортопедке қаралған жөн.