Дресс-код, автобус кестесі және кіру тәртібі: Backstreet Boys концертінің көрермендері не білу керек

Фото: backstreetboys.com
Фото: backstreetboys.com
"Астана концерт" ұйымы көрермендерге бірыңғай ақ түсті киім киіп келуді ұсынды.

21 қыркүйекте "Астана Арена" стадионында алғаш рет әлемге әйгілі Backstreet Boys тобының концерті өтеді. Бұл кешке 45 елден 12 мыңнан астам турист келеді. Көпшілік асыға күткен концерт қарсаңында қалада қандай дайындық жасалды? Жанкүйерлерді не күтіп тұр? Дресс-код қандай? Шаттл автобустар қай жерден жүреді? Informburo.kz көрерменге қажет ақпаратты жинақтады.

Концерт кестесі

Өтетін орны: "Астана Арена" стадионы
Күні: 21 қыркүйек
Көрерменді кіргізу уақыты: 17:00
Шоудың басталуы: 19:30

Шаттл автобустар қай жерден жүреді?

Әкімдіктің хабарлауынша, концерт күні қалада көлік жүктемесін азайту үшін шаттл-автобустар ұйымдастырылады. Олар сағат 16:00-ден бастап қаланың бес нүктесінен көрермендерді стадионға жеткізеді:

  • "Астана циркінің" автотұрағы;
  • "Хазрет Сұлтан" мешіті маңы;
  • "Қазақстан" спорт кешені (К. Сәтпаев көшесі);
  • Орталық саябақ;
  • Бас мешіт маңы.

Концертке кіру тәртібі қандай?

Көрермендер стадионға тек билетте көрсетілген сектордың есігінен кіре алады.

  • Е секторы – Қабанбай батыр даңғылы жағынан;
  • Gold және Silver Standing – Inju Arena 2 тұрғын үй кешені қарама-қарсы;
  • N  секторы– "Champion" тұрғын үй кешенінің алдында;
  • ⁠Platinum Standing – Тұран даңғылы, "Champion" тұрғын үй кешені 2-блогының маңында;
  • W секторы (1 кіреберіс) – Тұран даңғылы, NW секторына жақын;
  • W секторы (2 кіреберіс) – Тұран даңғылы, "Buqar Juray 3" тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы.

Қалай киініп келу керек?

Концертті ұйымдастырып отырған "Астана концерт" ұйымы көрермендерге бірыңғай ақ түсте киініп келуді ұсынды. Барлығы ақ түсті киіммен келсе, концерт атмосферасы ерекше әсерлі болады деп күтілуде.

Осыған байланысты қазақстандықтар әлеуметтік желілерде #GetReadyWithMe хэштегімен концертке қалай киініп келетінін көрсетіп жатыр.

Топ Нью-Йорктегі жарнамалық іс-шарада, 2025 жыл | Фото: Justin Segura, backstreetboys.com

Жанкүйерлер қай елдерден келеді?

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, концертті көру үшін Астанаға Германия, Польша, Франция, Түркия, Финляндия, Литва, Эстония, Чехия, Сербия, Грекия, Әзербайжан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, БАӘ, Австралия сияқты 45 елден 12 мыңнан астам турист келеді.

Бұл концерттің тек Қазақстан ауқымындағы емес, Орталық Азиядағы ірі мәдени оқиғаға айналатынын көрсетеді.

Backstreet Boys-дың қандай танымал әндері бар?

Концертте топтың әлемге белгілі хит әндері шырқалады. Олардың қатарында I want it that way, Everybody, As long as you love me, Quit playing games, Larger than life сынды әндер бар. Бұл әндер бірнеше буынның жастық шағымен, мектептегі би кештері мен 90-жылдардағы поп-мәдениетпен тығыз байланысты.

Концерттің маңызы қандай?

Backstreet Boys 1993 жылы АҚШ-тың Флорида штатында құрылды. Топта Эй Джей Маклин, Хауи Дороу, Ник Картер, Кевин Ричардсон және Брайан Литтрелл өнер көрсетеді. 1999 жылғы Millennium альбомы 30 миллионнан астам данамен сатылып, поп-музыка тарихындағы ең табысты дисктердің біріне айналды.

Голливуд Даңқ аллеясындағы Backstreet boys жазуы бар жұлдыз | Фото: alexeynovikov, depositphotos.com

Бүгінде топ 130 миллионнан астам альбом сатып, әлемдегі ең табысты поп-группалардың қатарын толықтырды. 2025 жылы Лас-Вегастағы The Sphere кешенінде бір күнде 500 мың билет сатылып, рекорд орнатқан болатын.

Астанадағы концерт осы турдың бір бөлігі ретінде өтеді. Ұйымдастырушылар бұл оқиғаны Орталық Азиядағы ең ірі мәдени шаралардың бірі деп бағалап отыр. 

Серіктестер жаңалықтары