
2025 жылдың 1 тамызынан бастап АҚШ президенті Дональд Трамптың шешімімен Қазақстаннан келетін барлық тауарға 25 пайыздық кедендік баж салығы енгізілетіні белгілі болды. Бұл мәлімдеме халықаралық қауымдастық пен сарапшылар арасында қызу пікірталас тудырып, геосаяси және экономикалық салдарын бағалау қажеттігін күн тәртібіне шығарды.
Қазақстан үшін бұл шешімнің салмағы қандай? Экспортқа тікелей әсер ете ме? Әлде бұл АҚШ-тың жаһандық саудадағы жаңа стратегиясының бір бөлігі ғана ма? Осы және өзге де маңызды сұрақтар төңірегінде біз қазақстандық экономистерден пікір алып, Трамптың тарифтік саясатының Қазақстан экономикасына ықтимал әсерін талдадық.
Қытай өндірісті жаһандық деңгейде өз қолына алғысы келеді, ал АҚШ бұған жол бермейді
Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, Трамп әкімшілігінің қазіргі ұстанымы – АҚШ экономикасындағы сауда теңгерімсіздігін түзетуге бағытталған.
"АҚШ-тың Трамп әкімшілігі кезінде қолға алған негізгі бағыттарының бірі – сыртқы сауда теңгерімін қалпына келтіру. Олар: "Америка өз тауарынан гөрі сырттан әкелген тауарға көбірек тәуелді болып кетті. Біз өндірмейміз, тек тұтынамыз. Бұл ұзақмерзімді перспективада елдің экономикалық дербестігіне қауіп төндіреді" деп есептеді. Сондықтан олар импортқа кедендік баж салығын көбейтіп, өз өндірісін ынталандыруды жөн көрді. Мақсат – АҚШ экономикасын қайта индустрияландыру, жұмыс орындарын ел ішінде сақтау және Қытайға тәуелділікті азайту", – дейді Айбар Олжай.
Экономистің айтуынша, бұл саясаттың артында экономикалық қана емес, саяси және геосаяси мүдделер де бар. Сарапшы АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы тек экономикаға ғана қатысты емес екенін айтады.
"Бұл жерде әңгіме тек доллар мен юаньның айырмашылығында емес. Бұл – ықпал үшін күрес. Қытай өндірісті жаһандық деңгейде өз қолына алғысы келеді. Ал АҚШ бұған жол бермейді. Олар Қытайды нарықтағы шексіз өндіруші емес, белгілі бір шеңберде әрекет ететін ойыншы ретінде көргісі келеді. Сондықтан сауда кедергілері – бір жағынан экономикалық құрал, екінші жағынан саяси қысым. Олар Қытайға "бізге тым жақын келме" деген белгі беріп отыр", – деп түсіндірді экономист.
Оқи отырыңыз: "Қайтадан Ресей мен Қытайға тәуелді етуі мүмкін". Экономист Трамптың Қазақстанға баж салығын салуы туралы
Айбар Олжай бұл жағдайдың Қазақстанға қандай әсері болатынын да ашып айтты. Оның пікірінше, біз үшін бұл үрдістің тіке қатері жоқ.
"Қазақстан АҚШ-қа дайын өнім экспорттамайды. Біз негізінен шикізат жеткіземіз. Мұнай, металл, ферроқорытпа, кейде химия өнімдері. Бірақ бұл – стратегияға бағытталған өнімдер. АҚШ бұл шикізатқа кеден салығын салмайды. Себебі ол олардың өндірісіне керек. Сондықтан "бізге де кеден салығын салды" деген қауесет негізсіз. Бұл біздің экспорттық табысымызға әсер етпейді", – дейді маман.
Айбар Олжай Қазақстанның кедендік саясаты туралы да сөз қозғады. Ол еліміздің кеден жүйесі дербес емес екенін, оның Еуразиялық экономикалық одақ аясында жүргізілетінін баса айтты.
"Бізде кеден салығы жеке-жеке елдерде емес, ортақ келісім бойынша белгіленеді. Қазақстан Ресеймен, Беларусьпен, Қырғызстанмен және Армениямен бір одақта. Бұл дегеніміз – кедендік ставкаларды бірлесе отырып шешеміз. Яғни, АҚШ-тан келетін өнімге "Қазақстан кеден салығын көбейтеді" деген сөз шындыққа жанаспайды. Біз ондай қадамды жеке-дара жасай алмаймыз", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, Қазақстан бұл жағдайда эмоциямен емес, ақылмен әрекет етуі керек.
"Біз – АҚШ-пен ашық соғыс жүргізіп жатқан ел емеспіз. Керісінше, прагматикалық ынтымақтастыққа мүдделіміз. Мысалы, бізге АҚШ-тан келетін тауарлар – өте қажет дүниелер. Электроника: ноутбук, планшет, смартфон. Химия өнімдері: бояу, реагенттер және ең маңыздысы – авиация. Біз "Boeing" ұшақтарын сатып аламыз. Бұл – жай ғана бизнес емес, еліміздің әуе инфрақұрылымының бір бөлігі. Біз оған салық салып, өзімізге зиян келтіруіміз – қисынсыз шешім болар еді. АҚШ-тан Қазақстанға келетін импорт шамамен 2 миллиард доллардың айналасында. Бұл әлемдік сауда аясында салыстырмалы түрде шағын көрсеткіш. Сондықтан екіжақты сауда қарым-қатынаста шектеулер енгізу – екі жаққа да тиімсіз. Бізге АҚШ керек, оларға біз – аса маңызды сауда серіктесі емеспіз, бірақ ынтымақтастық артық етпейді. Сол себепті біз эмоциямен емес, ұлттық мүддемізбен жұмыс істеуіміз керек", – деп қорытты Айбар Олжай.
Бұл – "Кім Қытаймен, Ресеймен тым жақын жүрсе – біз оларға да қысым жасай аламыз" деген емеурін
Экономист Елдар Шамсутдинов Трамп әкімшілігінің бұл шешімін таза экономикалық мүддеден емес, кеңірек геосаяси мақсаттан туындаған қадам ретінде сипаттайды. Оның айтуынша, бұл жерде сауда балансына қарағанда, геосаяси салмақ басым.
"Бұл шешімнің астарында тек экономика емес, үлкен саясат жатыр. Трамп әкімшілігі Қытаймен ғана емес, BRICS елдерімен тұтастай жаңа экономикалық блок құру ықтималдығына алаңдады. Мұндай жағдайда Қазақстанның рөлі де кездейсоқ назарға іліккен жоқ. Біз – Ресейдің мұнайын транзиттейтін негізгі елміз. Сондықтан АҚШ бұл қадамымен саяси белгі бергісі келді. Бұл "біз бәрін бақылауда ұстап отырмыз" деген месседж. Тікелей экономикалық пайдадан гөрі, осындай ақпараттық және саяси сигнал жіберу әрекеті деп есептеймін", – дейді сарапшы.
Елдар мырза, әсіресе, Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей экспортталатын өнімдерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы тауарлардың көлем үлкен емес, бірақ символдық мәні бар.
"Жыл сайын Қазақстаннан АҚШ-қа шамамен 95 миллион доллар көлемінде өнім экспортталады. Бұл – негізінен металдар, уран, химиялық заттар мен машина жасау саласының өнімдері. Егер баж салығы енгізілсе, осы салаларда қиындықтар туындайды. Дегенмен, ең үлкен қауіп – ресми емес, жанама жолмен экспортталатын өнімдерде. Әсіресе энергетика секторы осал. Мысалы, біз тікелей емес, үшінші елдер арқылы белгілі бір өнімдерді жеткіземіз. Ал баж салығы дәл осы тізбектерге әсер етіп, оларды бұзуы мүмкін", – деп қосты Елдар Шамсутдинов.
Оқи отырыңыз: "Қазақстан – АҚШ-тың жеке нысанасы емес". Сарапшы 25 пайыздық баж салығы туралы пікір білдірді
Экономисттің пайымдауынша, АҚШ-тағы бұл шешім – Трамптың протекционистік саясатының бір бөлігі ғана. Қазақстан бұл процесте басты нысана емес, символдық деңгейде қаралған елдердің қатарында.
"Бізге бағытталған бұл шешімнің астарында нақты бір экономикалық қадам жоқ. Бұл – тікелей нысана емес, жанама қысым, саяси нышан ретінде орын алған әрекет. Яғни, "кім Қытаймен, Ресеймен тым жақын жүрсе – біз де оларға қысым жасай аламыз" деген емеурін", – дейді сарапшы.
Сонымен бірге, Елдар Шамсутдинов бұл шараның Қазақстан экономикасына ықпалы бар екендігін мойындай отырып, оның көлемі шектеулі болатынын жеткізді.
"АҚШ – біздің экспорттық нарығымыздың бір пайызынан да аз бөлігін ғана құрайды. Негізгі бағыттар – Қытай, Еуропалық Одақ және Ресей. Сондықтан бұл санкция біздің жалпы экономикамызға керемет соққы емес. Бірақ ол белгілі бір салаларға әсер етеді – бұл шындық", – деп қосты Елдар Шамсутдинов.
Экономист баж салығы енгізілген жағдайда қазақстандық экспорттаушылар үшін нақты қандай қиындықтар туындайтынын да тәптіштеп түсіндірді.
"Кедендік баж салықтары әсіресе капиталды көп қажет ететін секторларға ауыр тиеді. Экспорттаушылардың табыстылығы төмендейді. Логистика қиындайды. Уран мен металл жеткізудегі бағыттар өзгереді. Ал ол дегеніңіз – қосымша шығын, уақыт жоғалту, жаңа нарық іздеу", – дейді экономист.
Ол қысқа мерзімде валюталық тұрақсыздық пен логистикалық дағдарыстар орын алуы мүмкін деп есептейді. Оның айтуынша, Қазақстан бұл жағдайға дипломатиялық деңгейде жауап қатуы керек. Әсіресе, Дүниежүзілік сауда ұйымы аясындағы нормалар мен ерекшеліктерді пайдалану арқылы өз позициясын қорғауға тырысу қажет. Экономист сондай-ақ екіжақты сауда қатынастарына кері әсер ету қаупіне де назар аудартты.
"Иә, теңгенің бағамында құбылу болуы ықтимал. Логистикамен айналысатын компаниялар күмәнданады, бағытын өзгертеді. Бұл нарықтағы сенімсіздікке алып келеді. Ал ұзақ мерзімде біз жаңа нарықтар іздеуге мәжбүр боламыз. Бұған дейін тек айтып жүрсек, енді әрекетке көшеміз. Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, Үндістан мен Түркияға қызығушылық артады. Қазақстан дипломатиялық арналарды пайдаланып, бұл мәселеге нақты реакция білдіруі керек. ДСҰ шеңберінде жеңілдіктер мен ерекшеліктер сұрауға мүмкіндігіміз бар. Бірақ Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ шешімге келу қиын болады. Бұл одақтың барлық мүшесі бірдей жағдайда тұрған жоқ. Егер баж салығын айналып өту жолдары мен логистикалық тізбектер тым күрделене берсе, онда екіжақты сауда қатынастары зардап шегеді. АҚШ үшін бұл үлкен қауіп емес, бірақ біз үшін маңызды мәселе. Сондықтан біз келіссөз бастауымыз қажет", – дейді ол.
Оқи отырыңыз: Сауда министрлігі АҚШ-тың жаңа тарифіне қатысты мәлімдеме жасады
Сөзінің соңында Елдар Шамсутдинов Қазақстанның қазіргі нарықтарды әртараптандыру бағыты жайлы оң пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл бұрын қағазда қалған идея болса, қазір нақты іске айналып келеді. Экономист бұл жағдайдан ең алдымен қазақстандық экспорттаушылар зардап шегетінін, ал АҚШ-тың ішкі нарығына әсері тек уран сынды ерекше тауарлармен шектелетінін де атап өтті.
"Нарықтарды әртараптандыру – бұл жай теория емес. Біз "Орта дәліз" арқылы Қытай, Үндістан, Түркия және Парсы шығанағы елдерімен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Бұл үрдіс енді нақты іс жүзіне асып келеді. Иә, бұл шешімнің ең бірінші соққысы – біздің экспорттаушыларға тиеді. Себебі олар келіссөзде әлсіз. Қаржы, логистика, маркетинг жағынан да шектеулі. Ал америкалық тұтынушыларға әсері аз болады. Тек уран импорты сынды ерекше тауарлар үшін ғана ол маңызды", – деп қорытты Елдар Шамсутдинов.
Қазақстанға емес, жалпы әлемдік сауда тәртібіне зиян келтіреді
R-Finance қаржы кеңесшісі Арман Байғанов Арман Байғанов Трамп әкімшілігінің протекционистік саясатын жаһандық саудаға тікелей әсер ететін, бірақ ұзақмерзімді пайдадан гөрі ішкі саяси ұпай алуға бағытталған қадам деп санайды. Ол мұндай шешімдердің экономикалық логикасы барын мойындай отырып, оның шектеулі тиімділігін де атап өтті.
"АҚШ-тың көптеген елмен сауда сальдосы теріс. Яғни, олар экспорттағаннан гөрі көбірек импорттайды. Бұл – жай ғана статистика емес, стратегиялық мәселе. Өйткені шетелдік тауарлар үшін төленген ақша басқа елдердің экономикасын қаржыландырып жатыр. Мұндай жағдайда АҚШ өз өндірісін емес, Қытайдың, Германияның немесе өзге елдердің өндірісін қолдап отырғандай көрінеді. Бұл – дамушы елдер үшін тиімді болуы мүмкін, бірақ АҚШ үшін ұзақ мерзімді перспективада тиімсіз шешім. Сондықтан Трамп әкімшілігі ішкі өндірісті күшейтуге ден қойды", – дейді Арман Байғанов.
Арман Байғановтың айтуынша, бұл саясаттың түпкі мақсаты – америкалық жұмыс орындарын сақтау, салық базасын кеңейту және стратегиялық тауарлар өндірісін ел ішінде шоғырландыру. Сарапшы Қазақстанға қатысты сауда айналымының құрылымын да нақты атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы экономикалық байланыс ауқымды болмаса да, өз ерекшелігі бар.
"Импортты шектеу арқылы ішкі нарықты қорғау – олар үшін өзінше бір экономикалық егемендік. Осы мақсатпен кедендік тарифтер көтерілді. Бұл – таза экономикалық қадам ғана емес, сонымен қатар саяси мәлімдеме. Яғни, "біз өзімізге сенеміз, өз өнімімізді тұтынамыз" деген ұстаным. Бірақ, әрине, мұның жанама салдары да бар, әсіресе халықаралық серіктестері үшін. Қазіргі таңда Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы шамамен 4,2 миллиард долларды құрайды. Соның ішінде 2,1 миллиарды – біздің экспорт. Бұл экспорттың едәуір бөлігі – шикізат. Алайда бұл жерде назар аударатын мәселе – стратегиялық сипаттағы өнімдер. Мәселен, шикі мұнай, уран, сирек кездесетін металлдар, техникалық күміс сынды тауарлар бар. Олар кедендік тариф тізіміне тікелей кірмейді. Себебі, бұл өнімдер – АҚШ үшін аса маңызды, стратегиялық мәні бар ресурстар. Оларды басқамен алмастыру қиын", – деп қосты экономист.
Дегенмен экономист баж салығына нақты іліккен кейбір тауарлар бар екенін де жасырмайды. Байғановтың айтуынша, АҚШ Қазақстан үшін толық тәуелді нарық емес, сол себепті бұл шешімге байланысты біржақты қарсы шаралар қабылдау тиімсіз болар еді. Импорт мәселесіне келгенде, сарапшы америкалық өнімдер біз үшін қажет әрі бәсекесіз екеніне назар аударады.
"Қазақстаннан АҚШ-қа баратын 95 миллион доллар шамасындағы өнімдер баж салығына түсуі мүмкін. Бұл – фосфор мен оның қосындылары (әсіресе Сицилия арқылы өтетін экспорттық тізбек), кейбір ауылшаруашылық тауарлары, соның ішінде бидай негізіндегі өнімдер. Бірақ бұл көлем жалпы экспортпен салыстырғанда өте аз. Сондықтан бұл – экономикалық апат емес, тек ескеруге тұрарлық фактор. АҚШ-пен экономикалық тәуелділік деген бізде жоқ. Бұл санкциялар қазақстандық кәсіпорындардың экономикалық моделіне тек түзету енгізуді талап етуі мүмкін. Мысалы, өндірісті қайта құрылымдау, нарықтарды әртараптандыру немесе логистиканы оңтайландыру. Кейбір салалар бұған бейімделе алады, ал кейбірі үшін бұл – жаңа мүмкіндік. АҚШ-тан келетін дайын өнім көлемі шамамен 2 миллиард доллар. Бұл – өзімізде өндірілмейтін тауарлар: дәрі-дәрмек, медициналық құралдар, кейбір азық-түлік (мысалы, тауықтың жамбасы), өндірістік құрал-жабдықтар. Мұндай өнімдерді бірден алмастыру қиын. Сондықтан бізге "айнадағыдай жауап береміз" деп баж салып, эмоциямен шешім қабылдау тиімсіз. Қатаң қарсы шаралардан гөрі икемді, прагматикалық стратегия ұтымдырақ", – деп түсіндірді Арман Байғанов.
Оқи отырыңыз: Трамптың отбасы 499 доллар тұратын "алтын" смартфон шығарды
Кеден саясатының отандық кәсіпорындарға ықпалы жайында да Арман Байғанов нақты ұстанымын білдірді. Экономист әлемдік сауда жүйесіне қауіп төніп тұрғанын да атап өтті.
"Әлемдік саудада кез келген тарифті көтеру – кері әсер береді. Біз – ғаламдық экономикаға кіріктірілген мемлекетпіз. Бүгінде ешбір ел өз-өзіне ғана сеніп, тұйық өмір сүре алмайды. Тіпті АҚШ-тың өзі де. Сол себепті кедендік шектеулер – халықаралық ынтымақтастыққа нұқсан келтіреді. Дүниежүзілік сауда ұйымы бірізді, әділ ережелерді сақтау үшін құрылған. Бірақ Трамп кезінде басталған бұл протекционизм – сол жүйеге жасалған шабуыл іспетті. Бұл тек Қазақстанға емес, жалпы әлемдік сауда тәртібіне зиян келтіреді", – деді ол.
Сөзінің соңында Арман Байғанов АҚШ-тың бұл саясаты ақыр соңында өзіне зиян келтіретінін атап өтті.
"Иә, осындай тұрақсыздық инвесторлардың сенімін төмендетеді. Ал инвестициялық тартымдылық – кез келген елдің экономикалық болашағын айқындайтын фактор. АҚШ – әлемнің қаржы орталығы. Сол себепті олардың ішкі шешімдері бүкіл әлемдік нарыққа әсер етеді. Егер тұрақсыздық жалғаса берсе, олар стратегиялық әріптестерін жоғалтады, ал бұл – кез келген держава үшін қауіпті жағдай", – деп қорытты экономист Арман Байғанов.
Еске салсақ, 2025 жылдың 2 сәуірінде Дональд Трамп әлемнің түрлі мемлекеттерінен келетін тауарларға жаппай кедендік баж салықтарын енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Сол кезде Қазақстаннан келетін тауарларға 27 пайыздық баж енгізу жоспарланған еді. Алайда, қаржы нарығындағы тұрақсыздықтарға байланысты АҚШ билігі бұл шешімнің күшін уақытша тоқтатып, тараптармен келіссөз жүргізу үшін тек 10 пайыздық баж мөлшерін қалдырған болатын. Аталған тоқтату мерзімі 9 шілдеде аяқталады.
АҚШ қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, егер 1 тамызға дейін сауда келіссөздерінде алға жылжу байқалмаса, Вашингтон кедендік баждарды қайта қалпына келтіреді. Ал 7 шілдеде Трамп кез келген ел, егер ол БРИКС-тің антиамерикалық бағытына қосылатын болса, қосымша 10 пайыз көлемінде баж салығына ілігетінін мәлімдеді.