Таныстыру рәсімі Астанада Digital Bridge халықаралық форумы аясында өтті. Бұл – Қазақстанда лауазымға ие болған алғашқы нейрожелі. Ол ішкі және сыртқы нормативтік құжаттарды, 2008 жылдан бергі директорлар кеңесінің шешімдерін және қордың құрылған сәтінен бастап жинақталған басқа да материалдарды талдайды.
Әлемнің өзге де елдерінде жасанды интеллект басқару саласында қолданылып қана қоймай, қызметке тағайындалып, түрлі лауазымға ие болып жатыр. Иформбюро порталы осындай қызмет атқарып жүрген жасанды интеллект негізіндегі нейрожелілер туралы шолу әзірледі.
SKAI. Қазақстан
Samruk-Kazyna Artificial Intelligence – жасанды интеллект негізінде әзірленген және өңір бойынша директорлар кеңесінің дауыс беру құқығы бар алғашқы цифрлық тәуелсіз мүшесі. SKAI корпоративтік басқарудың ашықтығы мен сапасын арттырудың жаңа құралы болып отыр. Нейрожелі құжаттарды, директорлар кеңесінің шешімдерін және қор құрылғаннан бергі жинақталған басқа да материалдарды талдайды. Бұл – кеңестің әлдеқайда ұтымды әрі сараланған шешімдер қабылдауына мүмкіндік береді.
"Самұрық-Қазына" қауіпсіздікті назардан тыс қалдырмады. SKAI қордың портфельдік компаниясы – "Қазақтелекомның" екінші суперкомпьютері Al Farabium-ның жабық контурында жұмыс істейді. Осылайша ақпарат ел аумағынан тысқары тарамайды, ал жоғары есептеу қуаты талдаудың сенімділігі мен жылдамдығын қамтамасыз етеді.
Жүйенің негізі ретінде қазақстандық Alem LLM тілдік моделі қолданылған. Енді технология мен адамдар шешімді бірлесе қабылдайды. SKAI директорлар кеңесінің алдағы отырысында қолданылмақ.
Мемлекеттік қызметші. Қытай
Шэньчжэньде DeepSeek үлгілерінің негізінде құрылған "AI кадрлары" (AI civil servants) муниципалдық қызметтерде жұмыс істей бастады. Бұл жасанды интеллект-қызметкерлер құжаттарды өңдейді, жүктелген міндеттерді жасауға көмектеседі, шағымдарды талдайды, тапсырмаларды бөледі. Бұл министр сияқты жоғары лауазым болмаса да, жасанды интеллект мемлекеттік басқару саласында жұмыс істеп, процестерге қатысып отыр.
2023 жылы Футянь ауданында жасанды интеллект негізінде "виртуалды партия хатшысы" тағайындалды. Ол тұрғындарға кеңес беріп, мемлекеттік қызметтер бойынша жауаптар ұсынды. Бұл PR-жоба болғанымен, БАҚ оны "виртуалды шенеунік" деп атап кетті. Виртуалды мемлекеттік қызметшілер тапсырмаларды орындағанымен адамның бақылауында болады. Шешімді адамның өзі қабылдайды.
Виртуалды министр Diella. Албания
Албанияда жасанды интеллект министр болып тағайындалды. Diella атты виртуалды министр елдегі мемлекеттік сатып алуларды қадағалайды. Осылайша Албания жасанды интеллектіні министр лауазымына тағайындаған әлемдегі алғашқы мемлекет атанды.
Diella албан тілінде "күн" деген мағынаны білдіреді. Албания премьер-министрі Эди Раманың айтуынша, енді мемлекеттік тендерлерді өткізу үдерісі біртіндеп Diella-ның құзырына беріледі.
"Осыдан соң Албания мемлекеттік тендерлерде жемқорлықтан толық арылған елге айналады. Барлық қаражат ашық әрі қатаң бақылауда болады. Бұл – қиял емес, нақты қадам", – деді Эди Рама.
Жасанды интеллект қазірдің өзінде жұмысын бастап, барлық үкімет отырыстарына қатысып жатыр. Виртуалды министрді қолдау үшін жаңа бөлім құрылып, мемлекеттік құрылымдарға нейрожелілер енгізіледі. Бұл тендерлердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етпек.
Оқи отырыңыз: ChatGPT орнына – Oylan, MangiSoz, Beynele және TilSync: Қазақстандық жаңа 4 жаңа жасанды интеллектке шолу
Виртуалды министр парақорлық пен лоббизмге жол бермейді. Жақында ғана Албанияның бұрынғы президенті сыбайлас жемқорлық күдігімен қамауға алынғандықтан, бұл жаңалық елде өзекті бола түсті.
Diella қазірдің өзінде e-Albania атты электронды мемлекеттік қызметтер платформасын басқарып отыр. Жасанды интеллект бейнесінде дәстүрлі албан киіміндегі қыз бейнеленген.
Соттағы ЖИ-ассистенттер. Қытай
Сот саласына да жасанды интеллект еніп жатыр. Қытай сот жүйесі цифрлық инновацияларды қолдану тұрғысынан әлем бойынша көш бастап тұр. Бұл елде цифрлық сот зертханасы жұмыс істейді.
Қытайдың кейбір аймақтарында, мысалы Шанхай мен Ханчжоу соттарында жасанды интеллект виртуалды көмекші ретінде сотқа қатысады. Олар алдыңғы істерді талдайды, заң баптарын тізеді, үкім нұсқаларын ұсынады. Мысалы, қылмыстық істерде жасанды интеллект айыпталушының кінәсін дәлелдеуге қатысты деректерді жүйелеп береді.
Сондай-ақ, кейбір аймақтарда жасанды интеллект "виртуалды сот офицері" қызметін атқарады. Ол сот залында бейне-аватар ретінде көрініп, іс барысын түсіндіреді, сұрақтарға жауап береді. Бірақ, соңғы шешімді әрдайым судьяның өзі қабылдайды.
Виртуалды кандидат. Ұлыбритания
2023 жылы Ұлыбританияның Брайтон қаласында кәсіпкер Стив Эндакот "AI Steve" атты жасанды интеллект жобасын іске қосты. Жоба мақсаты – жасанды интеллект көмегімен тұрғындармен тікелей диалог құрып, пікірлеріне құлақ асу.
AI Steve – чат-бот пен нейрожелінің қосындысы. Брайтон тұрғындары онлайн түрде AI Steve-ке сұрақ қойып, ұсыныстарын айтады. Жасанды интеллект оларға жауап беріп қана қоймай, тұрғындардың идеясын жинап, сараптайды. AI Steve ресми түрде парламент мүшесі емес, бірақ ол 2024 жылғы Ұлыбритания парламенттік сайлауында "AI Steve" атауымен тәуелсіз кандидат ретінде тіркелді. Егер ол сайлауда жеңсе, ресми мандат Стив Эндакотқа берілетін еді. Бірақ, ол барлық шешімді AI Steve-тің алгоритмдеріне сүйеніп қабылдайтынын мәлімдеді.
AI Steve – әлемдегі алғашқы жасанды интеллект-кандидат. Ол әлі ресми саясаткер болған жоқ, бірақ Ұлыбританиядағы сайлауға қатысуы жасанды интеллектінің саяси жүйеге тікелей кіре бастағанын көрсетті.
Заң кеңесшісі. Ресей
Ресейде алғаш рет жасанды интеллект мемлекеттік қызметшіні алмастырды. Амур облысындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Игорь Радченко 2025 жылғы көктемде осындай тәжірибе бастаған. Сәуірде ол GigaChat және DeepSeek нейрожелілеріне негізделген екі AI көмекшісін іске асырды. Мекеме заң кеңесшісіне мардымды жалақы төлей алмаған соң, оның орнын жасанды интеллектімен алмастырған. AI көмекші кәсіпкерлердің өтініштерін өңдеумен айналысады. Жасанды интеллект қолданысқа енгізілгелі өтініштерді қарау уақыты екі күннен бір сағатқа дейін қысқарды.
Жасанды интеллект омбудсменге оңтайлы әрекет ету бағытын ұсынады, тиісті заңдарға сілтемелерді жинайды және сотқа өтініш беруге немесе хат жобасын жасауға көмектеседі.
Бұл тәжірибе нәтиже күткеннен асып түсетінін көрсетті. Омбудсмен бизнес мүддесін қорғайтын арбитраж сотқа былтыр небәрі 19 іс түскен болса, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында сотқа 30 шағым түскен.
Бұл ретте жетекші заң кеңесшісі жұмыстан босатылмаған. Оның орнына ол Амур облысының азаматтық палатасындағы осындай бос лауазымға ауыстырылған.
Робосудья. Эстония
Эстония – электронды үкімет жүйесі дамыған елдердің бірі және алғашқылардың бірі болып сот жүйесіне жасанды интеллект енгізді. 2019 жылы Эстония әділет министрлігі "робосудья" (AI judge) жобасын таныстырды. Негізгі мақсаты – қарыз қайтару, келісімшарт бұзылуы, шағын төлемдер секілді ұсақ азаматтық дауларды жылдам шешу.
Бұл робосудья 7 мың еуроға жетпейтін азаматтық істерді қарайды. Әдетте компаниялар мен тұтынушылар арасындағы даулар немесе шағын коммерциялық даулар болуы мүмкін. Жасанды интеллект материалдарды талдап, алгоритм бойынша шешім шығарады. Шешім шыққан соң тараптардың бірі келіспесе, оны адам судья қарауы үшін апелляцияға бере алады. Бұл жерде жасанды интеллект соңғы шешімді шығара алмайды, бәрібір іс адам бақылауында болады.
Бұл жобаның артықшылығы – жасанды интеллект қарапайым істерді тез шешеді. Ал судьялар ұсақ істерге уақыт кетірмей, күрделі істерге көбірек көңіл бөледі. "Робоcудья" жүйесі пилоттық режимде ғана қолданылды. Толыққанды ұлттық деңгейде енгізілген жоқ. Десе де, Эстония үкіметі оны жетілдіріп жатыр.
Айта кететін жайт: Албанияда жасанды интеллект ресми түрде министр атанса, қалған елдерде жергілікті деңгейде "вируталды әкім", "виртуалды судья" секілді эксперименттер жасалып жатыр. Жасанды интеллект толықтай жауапкершілікке ие бола алмайды, тек көмекші құрал ретінде қолданылады.
USD:
538.9 / 541.3
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65