Соңғы уақытта спортшыларға қымбат сыйлық – көлік, пәтер, ақшалай сыйақы табыстау үрдіске айналып барады. «Қайрат» футбол клубының қақпашылары Шерхан Қалмырза мен Темірлан Анарбековке автокөлік табыстағаны да жұрт назарын аудартты. Бірі мұны жастарды ынталандыру десе, енді бірі спорт пен меценаттықтың шекарасы бұзылып барады деп алаңдайды. Жалпы, бұл қаншалықты дұрыс? Меценаттардың жарнамасына айналып кеткен жоқ па? Informburo.kz спорт сарапшыларының пікірін білді.
Сылық спортшыларды жұлдыз ауруына соқтыруы мүмкін
Әли Битөре, спорт сарапшысы:
– Спортшыларға жеке компанияның немесе меценаттардың сыйлық беруін құптамаймын. Себебі мұндай қадам спортшыны менмендікке, былайша айтқанда, жұлдыз ауруына соқтыруы мүмкін. Оның үстіне, бұл екі қақпашы автокөлік алатындай, ерекше атап өтетіндей ешқандай жетістікке жете қойған жоқ.
Кез келген нәрсенің екі ұшы бар. Сол сияқты Шерхан мен Темірланға жасалған демеушілік жағдайын қарасақ, пайдасымен бірге зиянын да көруге болады. Бір жағынан, меценат көлік сыйлап, жанкүйерлердің эмоциясына әсер етті, өзінің де атын, компаниясының беделін жарнамалады. Бірақ, екінші жағынан, қақпашылар материалдық тұрғыда байығанымен, командасындағы абыройын, жалпы ойынға деген көзқарасын біршама жоғалтып алды. Футбол – командалық спорт, мұнда бір ойыншыны бөліп-жару, батыр етіп көрсету – әділетсіз. Мәселен, егер "Қайрат" "Селтикке" қарсы матчта пенальтиге жетпей жеңіліп қалғанда, Темірлан Анарбеков "қаһарман" ретінде танылмас еді. Өйткені сол ойында бүкіл команда қорғаныста бар күшін салды, ал шешуші сәтте қақпашы өз міндетін орындады. Бұл – ортақ еңбек, ортақ жеңіс.
Жалпы, спортшыларға жеке сыйлық таратып, әр жеңістен кейін қомақты ақша үлестіруге қарсымын. Себебі материалдық тұрғыда тоқтаған спортшының жеңіске деген аштығы жоғалады. Ал нағыз спортшы жеңіске аш болғанда ғана үлкен мақсатқа ұмтылады. Бұрын талай спортшы Олимпиада чемпионы атанып, мемлекеттен 250 мың доллар алуды армандайтын. Ал қазір кейбіреулер бір жарыстан-ақ сол сомаға жетеғабыл ақша алып жатыр. Кейінгі Олимпиадаларда алтынсыз қалғанымыздың бір себебі де осы ма деп ойлаймын.
Бір ғана мысал, Ризабек Айтмұхан деген балуан еркін күрестен алғаш рет әлем чемпионы атанғанда көптеген меценат оны көтермелеп, түрлі сыйлық ұсынды. Бірақ содан кейін ол ірі жарыстарда жүлде алуды қойды. Міне, марапаттың спортшыға берген "пайдасы". Сондықтан қос қақпашымызды қатты еркелетіп, жұлдызын өшіріп алмасақ екен деймін. Әйтпесе екеуі де – таланты, болашағы бар жігіттер.
Спортшыны қолдаған жөн, бірақ қолдау жүйелі түрде болуы керек

– Мен бұл мәселеге біржақты көзқарас ұстана алмаймын. Өйткені медальдің екі жағы болса, бұл мәселенің үш-төрт жағы бар сияқты. Бір жағынан, спортшыларға сыйақы беруді қолдаймын. Бірақ ол тең дәрежеде, әділ түрде болғаны дұрыс. Біреуіне көбірек, біреуіне азырақ емес, барлығына бірдей берілуі керек.
Мысалы, біз соңғы жылдары Олимпиадаға жолдама алған спортшыларды да чемпион болғандай күтіп алып, сыйлық беріп жатырмыз. 2024 жылы Париж Олимпиадасына қатысу лицензиясын алған спортшыларға пәтер, көлік, ақша бердік. Бұрын мұндай құрмет тек чемпионаттан медаль алып келгендерге көрсетілетін. Бұл еліміздегі спорт деңгейінің төмендеп бара жатқанын білдіреді.
Кешегі Шерхан мен Темірланға көлік берген кәсіпкерлерге де қарсы емеспін. Бірақ бұл жерде олардың өздеріне ұпай жинап алғанын да мойындау керек. Мүмкін Тұрсын Алагөзовтің жомарттығы, әлеуметтік желідегі белсенділігі әсер еткен шығар. Немесе "Қайраттың" Чемпиондар лигасына шығуы себеп болған болар. Қалай болғанда да, қазақтың балалары көлік мініп жатса, қуанамын.
Алайда басқа спорт түрлеріндегі жағдай бөлек. Мысалы, боксшылар алтын медаль әкелген соң халықаралық федерациялардан, жеке демеушілерден 100 мың доллар көлемінде сыйақы алып жатыр. Президент қабылдады, министр құрмет көрсетті. Ал грек-рим күресінен 26 жылдан кейін алтын алған Айдос Сұлтанғалиды ешкім қабылдаған жоқ. Федерация да үнсіз қалды. Бұл – үлкен олқылық. Президент қабылдауын ұйымдастыру, құрмет көрсету де федерацияның жұмысы еді. Сондықтан мәселе тек сыйлық беруде емес, федерациялардың белсенділігінде. Егер әр спорт федерациясын шын жанашыр, спортқа адал адамдар басқарса, демеушілер де тартылады, сыйақы беру механизмі де өздігінен реттеледі.
"Спортты қолдаймыз ба, әлде спортшыны ма?" деген сұраққа келсек, спортты қолдау – өте кең ұғым. Бізде Қайрат Боранбаев, Тимур Тұрлов сияқты ірі кәсіпкерлер қазақтар басым спорт түрлеріне келе бермейді. Ал күрес, бокс, дзюдо сияқты дәстүрлі спорттарға орта деңгейлі кәсіпкерлер ғана назар аударып жүр.
Спортшыны қолдаған жөн, бірақ қолдау жүйелі түрде болуы керек.Үлкен компаниялар мен алпауыт кәсіпкерлерді спортқа тарту үшін спорт министрлігі нақты жұмыс істеуі тиіс.
Спортшылар сыйлық алуға сауатты болуы керек
Назерке Сұлтанбек, спорт журналисі:
– Атлеттер – кәсіби спортқа өмірін арнаған жандар. Балалық және жастық шақтағы құрдастары көретін қызықтың бәрінен бас тартып, күндерін жаттығу залы мен жарыстарда өткізеді. Спортшылардың көбі біреуге тым қарабайыр көрінуі мүмкін: "елімнің атын танытсам" деген арманмен өмір сүріп, сол жолда көп нәрсені құрбан етеді. Олардың көпшілігі – шын патриот. Патриоттығының көрінісі – халықаралық аренада Қазақстан атынан жүлде алып, көк байрақты желбіретуі.
Үлкен жеңістен кейін халықтың өз батырын қошеметпен қарсы алуы – біздің салтымызға сай дүние. Бұл – спортшыны да жігерлендіре түсетін сәт. Қымбат сыйлықтар алып жатса да, еңбектің ақталғаны. Спортшылардың көбісі (әсіресе жекпе-жек түрлері) қарапайым отбасылардан шығады. Олар "әке-шешеме үй салып берсем", "отбасым уайым-қайғысыз өмір сүрсе" деген перзенттік парызбен еңбектенеді. Ал әлеуметтік мәселелері толық шешімін таппаған спортшыларға жоғары деңгейде жаттығу жасау да қиынға соғады.
Дегенмен, ресми ұйымдардан тыс жеке тұлғалардан сыйлық алуда спортшылар сауаттылық танытуы керек деп ойлаймын. Әсіресе, миллиондаған аудиторияға жария етіп берілетін сыйлықтарға қатысты. Әрине, жақсы пиғылмен сыйлық жасайтын меценаттар өте көп, дегенмен сыйлығы үшін өз имиджіне әсер етуді сұрайтын сәттер де туындауы әбден мүмкін. Сондықтан, спортшылармен, командалармен осы салада білімі бар менеджер жұмыс істегені абзал.
USD:
538.9 / 541.3
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65