Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақ спорт және туризм академиясының студенті Шерхан Қалмұрзамен кездесіп, оған ректордың білім беру гранты табыстады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
"Барлық спортшылар халықаралық стандарттарға сай сапалы білім алуы қажет. Бұл оларға спорттағы жоғары жетістіктерге ғана емес, сонымен қатар спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де түрлі салаларда қалыптасуға мүмкіндік береді. Жас қақпашының көрсеткен тарихи нәтижесі – бүкіл қазақстандық жастар үшін жарқын үлгі", – деді Саясат Нұрбек.
Сондай-ақ бүгінде талантты жастардың жаңа буынын қалыптастыруға берік негіз қаланғаны атап өтілді. Жастарға үлгі көрсету мақсатында ақылы бөлімде білім алып жүрген Шерхан Қалмұрзаға ректордың білім беру гранты табысталды. Сонымен қатар алдағы уақытта да дарынды жастарға айрықша көңіл бөлінетіні жеткізілді.
Қазақ спорт және туризм академиясының спорт және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мұхтар Есқалиев оқу орны жасөспірімдер мен студенттердің бастамаларын әрдайым қолдайтынын айтты. Өз кезегінде студент-спортшы көрсетілген ілтипат үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстандағы футболдың дамуына үлес қосуға ниетті екенін жеткізді.
USD:
538.9 / 541.3
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65

