
Педофилия – қоғамда терең үрей мен ашу-ыза туғызатын, бала қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін аса қауіпті құбылыс. Психологияда педофилия жыныстық ауытқу – парафилия – ретінде қарастырылып, бұл диагноз халықаралық аурулар классификациясының (ICD-11) және Америкалық психиатриялық ассоциациясының (DSM-5) тізіміне енгізілген. Мамандардың айтуынша, педофилдік мінез-құлық көбінесе бала кезінде бастау алып, тиісті психологиялық көмек көрсетілмеген жағдайда ересек жаста қауіпті әрекеттерге ұласады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлем бойынша жыл сайын миллиондаған бала жыныстық сипаттағы қылмыстардың құрбаны болады. UNICEF пен World Childhood Foundation секілді ұйымдардың зерттеулеріне сәйкес, кей елдерде әрбір 5-ші қыз бала мен 13-ші ұл бала кәмелетке толмай тұрып жыныстық зорлыққа ұшырайды. Бұл тек тіркелген жағдайлар, ал көбі үнсіз қалады немесе жасырын қалып жатады.
Педофилияға қатысты жаза мәселесі – тек құқықтық сұрақ қана емес, бұл – қоғамның адамгершілік қағидаттары мен болашақ ұрпақтың қауіпсіздігіне деген көзқарасының көрсеткіші. Түрлі мемлекет бұл мәселеге әртүрлі жолмен жауап беруде: мысалы, Оңтүстік Корея мен Польшада педофилдерге химиялық кастрация шарасы қолданылса, АҚШ-тың бірнеше штатында өмір бойына бақылауда ұстау немесе арнайы тізімдерге енгізу тәжірибесі бар. Ал Қазақстанда бұл мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ – жазаның қатандығы мен тиімділігіне қатысты қоғам мен сарапшылар арасында пікірталас жалғасуда. Осы материалда біз педофилдерге қатысты жазаның қажеттілігі мен тиімділігі жайында сарапшылар пікірін тыңдап, мәселені ғылыми-психологиялық тұрғыдан зерделеп көрдік.
"Психологиялық түзету жұмысы жүргізілмесе, бостандыққа шыққаннан кейін олар қайта қылмысқа барады"
Қазақстанда кеңінен танымал психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова ең алдымен педофил мен қылмыскердің арасындағы айырмашылықты нақты түсіну қажет екенін айтады.
"Педофилия – бұл психикалық дерт, ал педофил – науқас адам. Әсіресе, егер ол өзі көмек сұрап келсе, оны емдеу керек", – дейді психоаналитик.
Маманның айтуынша, нағыз педофилия дертіне шалдыққан адам күш қолданбайды.
"Педофил құрбанын ұрып-соқпайды, керісінше, жылы сөзбен, мейіріммен арбайды. Педофил ауруы асқынып, адам шегінен шыққанда қылмыскерге айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда, әрине, жазалау керек, бірақ онымен қатар емдеу де қажет. Қазақстан түрмелерінде педофилия үшін сотталғандармен сапалы жұмыс жүргізіле ме, бұл – күрделі сұрақ. Алайда, мұндай қылмыскерлермен тұрақты түрде психотерапевттер жұмыс істеуі аса маңызды. Себебі, психологиялық түзету жұмысы жүргізілмесе, бостандыққа шыққаннан кейін олар қайта қылмысқа баруы мүмкін", – дейді Анна Құдиярова.
Оқи отырыңыз: Суицидке бейім баланың мінез-құлқы қалай өзгереді? Психологпен сұқбат
Қазақстанда педофилияның алдын алуға көмектесетін бір тетік – арнайы call-орталық құру болуы мүмкін. Онда кәмелетке толмағандарға жыныстық тартым сезінетін адамдар анонимді түрде хабарласып, көмек сұрай алар еді. Психотерапевттің айтуынша, мұндай жандарға құпиялылық кепілдендіріліп ем көрсетілуі тиіс.
"Егер әрбір ата-ана өз баласына толық жауап беретін болса, балалар ешқашан құрбан болмайды. Мәселе педофилдерде емес, тәрбие жүйесінде. Біз балаларымызға оттан сақ болуды, сіріңкемен ойнамауды үйретеміз ғой. Сол сияқты, психикалық ауытқуы бар адамдардан, маньяктардан да сақтануды үйретуіміз керек. Егер ата-ана баласын қараусыз қалдырса, бұл – оның кінәсі. Әр ата-ана өз баласына толық жауапты болса, ешбір педофилден қорықпауға болады. Балаларға сапалы тәрбие беру керек", – деді Анна Құдиярова.
"Медикаментоздық ем – тек уақытша құрал"
Астана қаласының уролог-дәрігері, андрология мен жыныстық саулық саласындағы білікті маман, эстетикалық урология жөніндегі сарапшы Анастасия Оспанова педофилдердің қылмысын қайталау қаупін азайту үшін химиялық кастрацияның өзі жеткіліксіз екенін алға тартады. Бұл мәселені кешенді түрде шешу қажет екенін айтқан маман алдын алу мен бақылауға бағытталған бес түрлі маңызды шараны атап өтті.
"Химиялық кастрация дегеніміз – жыныстық құмарлықты уақытша басу әдісі. Бұл мақсатта тестостерон деңгейін төмендететін арнайы препараттар қолданылады. Мұндай шара кейбір жағдайларда, әсіресе кәмелетке толмағандарға қарсы сексуалдық қылмыс жасаған адамдарда жыныстық қозуды төмендетуде тиімді болуы мүмкін", – дейді маман.
Алайда уролог-дәрігердің айтуынша, химиялық кастрация – мәселені шешетін жалғыз жол емес.
"Педофилия көбіне жай ғана гормон деңгейінің бұзылуымен шектелмейді. Бұл – психосексуалдық сипаттағы терең бұзылыстар. Егер мұндай адамдар кешенді психотерапиялық ем алмаса, жыныстық белсенділігі уақытша төмендегенімен, олар қоғам үшін әлі де қауіпті саналады", – деп ескертеді андрология және жыныстық саулық бойынша маман.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда педофилдер өмір бойы бас бостандығынан айырылады – заң жобасы
Эстетикалық урология саласы сарапшысының пікірінше, химиялық кастрация тек кешенді бағдарламаның бір бөлігі бола алады. Бірақ жүйелі психологиялық жұмыссыз бұл әдіс қайталанатын қылмыстың алдын алуға кепілдік бере алмайды.
"Медикаментоздық ем – тек уақытша құрал. Ал нақты нәтижеге жету үшін психиатриялық және психологиялық оңалтудың қатар жүруі міндетті", – дейді Анастасия Оспанова.
Сарапшы сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейін мұндай тұлғалардың қоғамға қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.
"Егер олар толыққанды оңалтудан өтпесе, психологиялық жұмыс жүргізілмесе – қайталама қылмыс қаупі жоғары. Сондықтан бұл мәселеге көпдеңгейлі көзқарас қажет", – дейді ол.
Анастасия Оспанованың айтуынша, қылмыскерді түрмеден кейін бақылау жүйесі мынадай элементтерден тұруы керек:
- психиатр мен психологтың міндетті түрде бақылауы;
- адамның психикалық жағдайын және мінез-құлықтық тәуекелдерді тұрақты бағалау;
- қажет болған жағдайда – медикаментоздық емдеуді жалғастыру;
- балалармен жұмыс істеуге заңмен тыйым салу;
- кейбір Еуропа елдерінде енгізілгендей арнайы мониторинг жүйесін қалыптастыру.
"Егер қоғам шын мәнінде балаларды қорғағысы келсе, тек заңды қатайту жеткіліксіз. Бұл үшін постпенитенциарлық бақылау мен емдеу жүйесі нақты әрі тиімді жұмыс істеуі керек. Бір ғана дәрі бұл мәселені шешпейді. Мәселені шешетін – жүйелі жұмыс", – деп түйіндеді Анастасия Оспанова.
ҚМДБ не дейді? Педофилияның діндегі үкімі қандай?
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы педофилияға қатысты исламның ұстанымын түсіндіріп, оның рухани және моральдық салдарына тоқталды.
"Педофилия – адам табиғатына қайшы, ар мен ұяттан ада, шариғатта ауыр күнә саналатын қылмыс. Бұл – тек заң шеңберінде емес, рухани және моральдық тұрғыдан да ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе. Сол себепті біз бұған діни тұрғыдан нақты баға беруге тиіспіз", – дейді дінтанушы Елбек Тасболатұлы.
Оның айтуынша, Алматыда өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің IX отырысында осы тақырып арнайы қаралып, педофилияға қатысты арнайы пәтуа қабылданған. Бұл діни құжатта аталған құбылыстың табиғаты, оның қоғамға тигізер зияны мен шариғаттағы үкімі жан-жақты сараланған.
"Бүгінде кейбір адамдар педофилияны психикалық ауытқу немесе туабітті дерт ретінде көрсетуге тырысады. Алайда дін тұрғысынан бұл – азғындықтың ең ауыр түрі. Ислам ондай жиіркенішті әрекеттерге жол бермейді. Мұндай қылмыс – адам баласының абыройы мен ар-намысына, тіпті болашағына шабылған балта", – дейді Елбек Тасболатұлы.
Оқи отырыңыз: Асхат Аймағамбетов: 10-15 жыл бұрын сотталған педофилдер қазір бостандыққа шығуы мүмкін
ҚМДБ шығарған пәтуада бұл туралы былай делінген: "Ислам – мейірімділік пен кешірім діні. Ол адамзатты ізгілікке, әділет пен жауапкершілікке тәрбиелейді. Қазақ халқының мәдениетінде де мейірім мен ұят ұғымы ерекше орын алған. Ал қоғамның бейбіт тіршілігін бұзатын кез келген арсыздық – шариғатта ауыр күнә. Алла Тағала қасиетті Құранда: "Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бұзақылық жасамаңдар" (Ағраф сүресі, 56-аят) және "Алла бұзақылық етушілерді сүймейді" (Мәида сүресі, 64-аят) деп қатаң ескерткен".
Ислам ғұламалары аяттардағы "бұзақылық" ұғымына кең түсініктеме берген. Мәселен, әйгілі табиғин ғалым Мужаһид бұл ұғымды былайша сипаттайды: "Бұзақылық – зина, кісі өлтіру, ұрлық, ұрпақты аздыру, егін мен жерді құрту сынды зұлымдықтар".
Елбек Тасболатұлының айтуынша, педофилия – тек құқық бұзушылық емес, тұтас қоғамға, адамзат болмысына қарсы жасалған аса ауыр қылмыс. Оның салдары өте күрделі:
- Баланың еркінен тыс жасалатын мұндай әрекет – психикалық және физикалық жағынан ауыр жарақат қалдырады;
- Құрбан болған бала өмір бойына жыныстық және психологиялық дертке ұшырауы мүмкін;
- Отбасының абыройына көлеңке түсіп, әлеуметтік "жарақат" туындайды;
- Ең сорақысы – бұл келешек ұрпақтың рухани және моральдық негіздерін шайқалтады.
"Егер мұндай жауыздық баланың өліміне алып келсе, бұл – адамзат баласына жасалған ең ауыр қылмыстардың бірі. Ислам ғалымдары бұған қатысты өте қатаң үкімдер айтқан – өлім жазасына дейін. Өйткені бұл әрекет – жаратылыс заңына, шариғатқа және адамгершілікке ашық қайшы", – дейді дінтанушы.
Сонымен қатар, Елбек Тасболатұлы еліміздің зайырлы мемлекет екенін атап өтті. Сол себепті діни үкімдер емес, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі басшылыққа алынады.
"Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, педофилдер өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұл – дұрыс. Алайда біз діни институт ретінде қоғамды рухани жағынан сақтандыруымыз керек. Баланы тәрбиелеу – ата-анаға, ұстазға, имамдарға артылған аманат. Себебі бала – Алланың аманаты", – деп түйіндеді Елбек Тасболатұлы.
Педофилия мемлекет экономикасын қалай нашарлатады?
Педофилдер жасаған қылмыстар – тек жекелеген адамдардың емес, тұтас қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық жүйесіне тікелей қауіп төндіретін аса күрделі мәселе. Бұл туралы психолог, коуч Назира Бурханова жан-жақты пікір білдіріп, мәселенің тек адамгершілік немесе құқықтық тұрғыда ғана емес, экономикалық қырынан да қаралуы қажеттігін ерекше атап өтті.
"Кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған жыныстық сипаттағы қылмыстар ел болашағына тікелей әсер етеді. Бұл балалардың тұлғалық қалыптасуына, білім алу мүмкіндіктеріне, еңбекке араласуына және қоғамға бейімделуіне орасан кедергі келтіреді. Мұндай қылмыстың салдары жылдар бойы сақталып, жәбірленушінің өмір сапасына теріс әсерін тигізеді", – деді ол.
Психологтың айтуынша, педофилиядан зардап шеккен балалар ұзақмерзімді және кешенді медициналық-психологиялық көмекке зәру болады.
"Психологиялық жарақат алған балалар тек ішкі күйзелісте жүріп қана қоймайды, олардың толыққанды білім алуына да кедергі туады. Көп жағдайда оларда үрей, өз-өзіне сенімсіздік, қоғамнан оқшаулану, тұйықтық сияқты белгілер байқалады. Мұның бәрі олардың әлеуметтену үдерісін тежеп, болашақта кәсіби ортаға бейімделуін қиындатады. Нәтижесінде мұндай азаматтар еңбек нарығына толық қатыса алмай, ел экономикасына үлес қоса алмайды", – деп атап өтті Назира ханым.
Ол бұл жағдайдың мемлекетке түсетін материалдық шығынын да тілге тиек етті.
"Педофил құрбандары үшін қажетті психотерапиялық және медициналық көмек арзан емес. Бұл қызметтердің құны жоғары және ұзақ уақытты талап етеді. Сонымен қатар, бұндай балалардың ата-аналары да психологиялық қолдауға мұқтаж болады. Бұл мемлекет үшін қосымша шығын. Мұның сыртында – тергеу, сот және жазалау үдерістеріне кететін қаржы. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесі мұндай істерде жоғары ресурспен жұмыс істейді, ал қылмыскерлерді түрмеде ұстаудың өзі қомақты қаражатты қажет етеді", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Мыңнан астам педофил бостандықта. Оларды жазаға тартуда қазақстандық сот жүйесі неге дәрменсіз?
Психолог қоғам ішіндегі сенім мен тұрақтылықтың әлсіреу қаупін де елеулі фактор ретінде атады.
"Мұндай жағдайлар көбейсе, ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдап, үнемі қорқынышпен өмір сүреді. Бұл – қоғамдық тұрақтылыққа кері әсер етеді. Жұртшылықтың мемлекетке, оның қорғау тетіктеріне деген сенімі азая бастайды. Кейбір отбасылар тіпті балалары үшін қауіпсіз орта іздеп, елден кетуді де ойлайды. Бұл – мемлекет үшін өте үлкен әлеуметтік дағдарыс", – дейді Назира Бурханова.
Сарапшы педофилиямен күресте жазалаудан бөлек, алдын алу және тәрбиелік жұмыстардың маңызды екенін ерекше атап өтті.
"Педофилия – бұл тек қылмыс емес, мемлекеттің болашағына бағытталған қауіп. Мұндай әрекеттермен күрес тек қатаң жазалаумен шектелмеуі тиіс. Біз бұл мәселенің түп-тамырына үңіліп, оның алдын алуға күш салуымыз керек. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін ата-аналармен, мұғалімдермен, тіпті балалардың өздерімен де ағарту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажет. Баланың қауіпсіздігі – бұл тек отбасының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі", – деп түйіндеді психолог.
"Педофилдердің 80 пайызы бала кезінде жыныстық немесе психологиялық зорлық-зомбылық көрген"
Психолог Жанар Оспан педофилияның салдарын тек қылмыстық деңгеймен шектеуге болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер адамның психикасына терең жара салып, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Маман педофилдерге қатысты бақылау тетіктерін күшейту қажеттігін де көтерді. Ол ондай тұлғаларға арнайы электронды білезіктер тағылып, олардың балалар көп шоғырланатын жерлерге жақындауына қатаң тыйым салынуы керектігін айтты.
Сарапшының пікірінше, бұл – тек жазалаумен шектелмей, қоғамды қорғауға бағытталған нақты әрі тиімді шаралардың бірі.
"Педофилия – жай ғана заң бұзушылық емес. Бұл – адамның психикасына, қоғамның рухани тұтастығына бағытталған аса қатерлі соққы. Ол баланың болашағын бұзып, өмір бойы жазылмас жара қалдыратын ең ауыр рухани зұлымдықтардың бірі", – деді маман.
Психоаналитик көптеген елде бұл мәселемен күрес тек заң жүзінде жүргізіліп қоймай, психологиялық және медициналық тұрғыдан да қолдау көрсетілетінін атап өтті.
"Мысалы, Германияда педофилдерге арналған арнайы психотерапиялық түзету бағдарламалары міндетті түрде жүргізіледі. Олар жазасын өтеу барысында да, бостандыққа шыққаннан кейін де психологтар мен психиатрлардың тұрақты бақылауында болады. Ал Оңтүстік Корея мен Польшада химиялық кастрация сынды нақты шаралар заңмен бекітілген. Бұл – қылмыскердің әрекетті қайталап жасауына жол бермеудің тиімді тәсілдерінің бірі", – деп түсіндірді Жанар Оспан.
Маман АҚШ тәжірибесіне де тоқталып өтті.
"Кейбір штаттарда педофилдерге арнайы GPS-бақылау білезіктері тағылады. Олар балалар көп жүретін мектеп, балабақша секілді орындардан белгілі бір қашықтықта ғана өмір сүруге міндеттеледі. Ұлыбритания мен Францияда мұндай қылмыскерлердің аты-жөні арнайы тізілімге енгізіліп, олардың жүріс-тұрысы қоғам тарапынан қатаң бақылауда болады", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Өнерін ұнатқандар мен бөксеге сын айтқандар. Джей Ло қалай қазақ қоғамын екіге жарды
Жанар Оспан бұл шаралардың барлығының түпкі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін айтты.
"Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, педофилдердің 60-70 пайызы психикалық ауытқуға шалдыққан. Бірақ бұл олар жауапкершіліктен босатылады деген сөз емес. Керісінше, бұл олардың кәсіби әрі үздіксіз психологиялық қолдауды қажет ететінін көрсетеді", – деді психолог.
Ол американдық психиатр Дэвид Фарлидің зерттеуін мысалға келтірді. "Бұл зерттеуде педофилдердің шамамен 80 пайызы бала кезінде өздері де жыныстық немесе психологиялық зорлық-зомбылық көргені анықталған. Бұл – мәселенің тамыры әлдеқайда тереңде жатқанын көрсетеді", – деді Жанар ханым.
Маман қоғамда балаға зорлық жасауға еш жол жоқ деген ортақ ұстаным қалыптасуы қажет екенін ерекше атап өтті.
"Біз тек заңмен шектеліп қалмауымыз керек. Қоғамның әр мүшесі – ата-ана, мұғалім, көрші, тіпті кездейсоқ куә – балаға зорлық-зомбылыққа жол берілмеуі тиіс екенін терең сезінуі керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі", – деді ол.
Сөз соңында Жанар Оспан: "Баланы қорғау дегеніміз – оны жай ғана қауіптен сақтау емес. Бұл – оның тұлға ретінде еркін, қауіпсіз, сенімді өмір сүруіне жағдай жасау. Ерте профилактика, ата-ана тәрбиесі, мектептегі тәрбие, ақпарат құралдарының рөлі және кәсіби психологиялық қолдау – осының бәрі кешенді түрде қаралуы тиіс. Егер біз балаларымыздың қауіпсіздігін шынайы қамтамасыз еткіміз келсе, бұл бағытта аянбай еңбек етуіміз керек", – деп түйіндеді.