Орталық жүйке жүйесінің қатерлі ісіктері – ми мен жұлын ісіктері – онкологиялық аурулардың басқа түрлеріне қарағанда сирек кездеседі. Алайда олар ағымының ауырлығымен және науқастың өміріне төндіретін жоғары қауіп-қатерімен ерекшеленеді. Мамандардың айтуынша, сырқаттың ауырлығы ісіктің орналасуына, көлеміне және өсу жылдамдығына байланысты. Мидың функционалды маңызды аймақтары зақымданған жағдайда қатты ауыру синдромына, мүгедектікке және өлім қаупіне алып келуі мүмкін.
ҚазОРҒЗИ тіркелімі деректеріне сәйкес, 2024 жылы елде орталық жүйке жүйесінің қатерлі ісіктерінің 845 жаңа жағдайы анықталды. Бұл 100 мың халыққа шаққанда 4,2-ні құрады. 2023 жылмен (790 жағдай, 100 мың халыққа шаққанда 3,97) салыстырғанда, аурушаңдық көрсеткіші 7 пайыз өскен. Негізгі науқастар тобы – 60-69 жас аралығындағылар. Жыныстық айырмашылық байқалмайды: 440 ер адам және 431 әйел.
"2024 жылдың соңында ми және жұлын ісіктерімен 5 мыңнан астам науқас диспансерлік есепте тұрды. Бұл 2023 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,6% артық (4 962 науқас)", – деп атап өтті ҚазОРҒЗИ нейрохирург-онкологы Дамир Дубчев.
Оқи отырыңыз: Жаңа оқу жылы басталды. Күзде қандай жұқпалы аурулардан сақтану керек
2024 жылы 341 өлім жағдайы тіркелді (100 мың халыққа шаққанда 1,69). 2023 жылы бұл көрсеткіш 320 жағдайды құрады (100 мың халыққа шаққанда 1,61). Қайтыс болғандардың негізгі жас тобы да – 60-69 жас аралығы. Ер адамдардың өлім-жітімі әйелдерге қарағанда жиірек кездеседі: 183 ер адам және 158 әйел.
Ауру ерте кезеңінде симптомсыз өтуі мүмкін. Ісік үлкейген сайын қол-аяқ әлсіздігі немесе ұйып қалуы, жүрістің теңселуі, құрысу ұстамалары, көру немесе есту қабілетінің төмендеуі, қосарланып көру, мінез-құлықтың өзгеруі, сөйлеу бұзылыстары пайда болады. Сондай-ақ бас сүйегінің ішіндегі қысымның жоғарылауының белгілері күшейеді: тұрақты бас ауыру (әсіресе таңертең және түнде), жүрек айну мен құсу (тамақтануға байланысты емес), есінің бұзылуына немесе комаға дейін жеткізуі мүмкін.
"Мұндай симптомдардың пайда болуы – шұғыл тексеруден өтуге себеп", – деп атап өтті Дамир Дубчев.
Дәрігердің айтуынша, диагностиканың ең ақпараттық әдісі – МРТ және контрастпен МРТ. Бұл әдіс ісікті нақты бейнелеуге және неврологиялық белгілердің себебін анықтауға мүмкіндік береді. Емдеу тактикасы морфологиялық зерттеу нәтижелері мен мультидисциплинарлық топтың қорытындысына сәйкес айқындалады. Институтта заманауи инновациялық әдістер қолданылады: миының функционалды маңызды құрылымдарын барынша сақтап қалуға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық хирургиялық араласулар, сондай-ақ сәулелік терапия және химиотерапия. Емнің тиімділігін арттыруға және науқастардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететін кешенді тәсіл кеңінен қолданыс табуда.
ОЖЖ ісіктерінің арнайы профилактикасы жоқ. Дегенмен дәрігерлер салауатты өмір салтын ұстануды, темекіден бас тартуды, алкогольді шамадан тыс тұтынбауды, дене белсенділігін сақтауды және профилактикалық тексерулерден тұрақты өтіп тұруды ұсынады. Әсіресе басқа ағзаларда онкологиялық ауруы бар науқастарға ерекше көңіл бөлу қажет – метастаздарды уақытылы жоққа шығару үшін.
Оқи отырыңыз: Қандай тағамдар қатерлі ісік пен семіздікке әкеледі? Нутрициологпен сұхбат
Онколог дәрігердің айтуынша, ауруды ерте анықтау – табысты емделу мен өмір сапасын сақтаудың басты кепілі.
USD:
538.7 / 541.1
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65