
Ресейдің саяси элитасы Тоқаевты өзара "европалық деңгейден жоғары дипломат" деп бағалайды. Рас, еліміз тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев – халықаралық аренада салмағы бар, саясаттың қыр-сырын жетік меңгерген тісқаққан саясаткер, әккі дипломат.
Саяси шолушы Виталий Млечин мен "Российско-Казахстанский пресс-центр" сарапшысы Андрей Выползовтың пайымынша, президент Тоқаев – реалист, популизм мен бос ұранға үйір емес. Ол қай кезде де сабырмен сөйлеп, салмақпен шешім қабылдайды. Бұл – көп елдің басшысы бойынан табыла бермейтін қасиет. Оның сөзінен пафос емес, парасат есіп тұрады.
Мәселен, Германия канцлері Олаф Шольцпен кездесуде Тоқаевтың: "Қазақстан ешқашан Ресейге қарсы болмайды. Біз Ресеймен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Екі елді ең ұзын шекара ғана емес, тарих пен тағдыр тоғыстырған" – деген сөзі көп нәрсені аңғартады. Бұл мәлімдеме – нағыз геосаяси салқынқанды есептің көрінісі. Ресей президенті Путиннің Астанадағы басқосу кезінде: "Біз – одақтас әрі стратегиялық әріптеспіз. Екі ел арасында ешқандай шешілмейтін мәселе жоқ", – деуі де екі елдің өзара сенімі мен сыйластығын айғақтай түседі.
Оқи отырыңыз: ЖІӨ 6 пайыз өсті: Қарқынды бәсеңдетпеу керек
Саясаттанушы Константин Калачевтің сөзімен айтқанда, Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат жүргізіп отыр, бірақ бұл Ресеймен одақтастықтан бас тарту деген сөз емес. "Мемлекет мүддесі – қай кезде де басым. Тоқаев – сенімді серіктес", – дейді ол. Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық құр сөзбен емес, нақты жобалармен бекітілген.
Кейінгі жылдары әлеуметтік желі мен кейбір БАҚ-та Қазақстанның Ресейден алыстап бара жатқаны жөнінде түрлі пікір айтылып жүр. Алайда бұл – нақты дәйекке сүйенбейтін үстірт пайым. Екі ел арасындағы ынтымақтастық берік, сондай-ақ Қазақстан басқа мемлекеттермен де тең байланысын дамытып келеді. Яғни, олар өзара кереғар емес. Бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі мен саяси салмағын әлем мойындап отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, ірі державалардың басшыларымен тең дәрежеде сөз таластыра алатын сирек саясаткер.
Оқи отырыңыз: Жаһандық қатерлерден сақтанудың жалғыз жолы – ішкі экономикалық қуатты күшейту
Оның кез келген мәселе бойынша "ақылға салып әрекет ету" қағидасын ұстануы Қазақстанды халықаралық қатынастарда сенімді серіктеске айналдырды. Тоқаев үшін ең бастысы – ел мүддесі. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – аласапыран кезеңде елінің жүгін қайыспай көтеріп келе жатқан нағыз саясаткер. Оның көпвекторлы, тепе-теңдікке негізделген сыртқы саясаты – бүгінгі әлемге қажет үлгі.
(Жазба Қазбек Майгелдиновтің Facebook парақшасынан алынды)
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.