Коксаки мен энтеровирус: Жазда қандай вирустар балаларға аса қауіпті

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Бұл материалда біз аталған вирустардың белгілері, таралу жолдары мен алдын алу шараларын қарастырамыз.

Жазғы маусым – балалар үшін демалыс пен ойын-сауықтың уақыты. Алайда дәл осы кезеңде Коксаки мен энтеровирус сияқты жұқпалы аурулар да өршиді. Олар балалар арасында тез таралып, денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. 

№1. Коксаки мен энтеровирус дегеніміз не?

Энтеровирустар – асқазан-ішек жолы арқылы жұғатын вирустар тобы. Олардың ішіндегі ең танымалдарының бірі – Коксаки вирусы. Бұл вирус көбіне 1 жастан 10 жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі. Көп жағдайда ауру жеңіл өтеді, бірақ кейде асқынып, медициналық көмек қажет болуы мүмкін.

№2. Аурудың белгілері қандай?

Педиатрлар бұл вирустардың бірнеше ортақ белгілерін атап өтеді. Ата-аналар келесі белгілерге назар аударуы тиіс:

  • 38-39°C дейін қызу көтерілуі;
  • Тамақтың ауруы, жұтынудың қиындауы;
  • Ауыздың ішінде кішкентай жаралар мен күлбіреулер пайда болуы мүмкін;
  • Алақан, табан, ауыз айналасы, кейде денеге қызғылт бөртпелер шығады;
  • Іш өту, жүрек айну, құсу;
  • Бала әлсіз болып, ұйқышылданады, басы ауруы мүмкін;
  • Бұлшық еттердің ауруы, кейде бала жүргісі келмеуі мүмкін. Әдетте 24-72 сағатта кетеді;
  • Кейде суық тию мен менингит белгілері болуы мүмкін;

Кейде аталған белгілердің тек біреуі ғана болуы мүмкін. Соған қарамастан, дәрігерге жүгіну қажет. Ол баланың жағдайына байланысты медициналық кеңес береді. 

№3. Қалай жұғады?

Вирустардың негізгі таралу жолдары:

  • Ластанған қол немесе заттар арқылы (ойыншық, есік тұтқасы);
  • Ауыз арқылы (тамақ, су, лас қол);
  • Жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа арқылы;
  • Қоғамдық хауыз мен жағажайларда, су бұрқақтарда. Сол себепті суға түскенде су жұтып қоймау керек. 

№4. Емдеу жолдары қандай?

Коксаки мен энтеровирусқа қарсы нақты вакцина немесе арнайы дәрі жоқ. Ем ауру белгілеріне байланысты беріледі. Яғни:

  • Қызу болса – баланың салмағына қарай парацетамол немесе ибупрофен беру қажет;
  • Тамақ ауырса – жұмсақ, суық тағамдар жегені жөн. Балмұздақ жеуге де болады. Ол тамақтағы ауырсынуды басады;
  • Сусызданбауы үшін сұйықтықты көбірек беру;
  • Ауыздағы жараларға тиіспеу керек, ол уақыт өте өзі кетеді;
  • Демалыс, ұйқы, таза ауа.

Міндетті түрде дәрігер кеңесін алған дұрыс.

№5. Қанша уақыт үйде отыру керек?

Педиатр Дана Галимованың жазуынша, нуклеин қышқылдарын амплификациялау әдісі (зертханалық әдіс) энтеровирустың 10 аптаға дейін – нәжіс арқылы, 30 күнге дейін тыныс жолдары арқылы жұғуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл энтеровирус түрі мен аурудың ауырлығына байланысты.

Ал вирусты анықтаудың дәстүрлі әдістері вирустың – нәжіс арқылы 4–6 апта бойы, тыныс жолдары арқылы 3 аптаға дейін бөлінуі мүмкін екенін көрсеткен.

Коксаки А16 вирусынан туындаған энтеровирустық инфекция ошағына жүргізілген зерттеу бойынша балабақшада балалардың жұқпалы кезеңі 7 күннен аз екені анықталған.

"Алайда, вирус 10 аптаға дейін жұқпалы болуы мүмкін, сондықтан карантин шараларының тиімділігі өте төмен. Британдық ұсынымдарға сәйкес, егер баланың жағдайы жақсарса, тіпті денесінде бөртпенің іздері әлі болса да, ұжымға араластыра беруге болады. Ал америкалық ұсынымдарға (CDC) сәйкес, бала толық жазылып, бөртпе толығымен кеткенше күту ұсынылады. Қорыта айтқанда, вирустың ең жұқпалы уақыты – денені бөртпе басып жатқан кез. Сондықтан толық жазылғанша немесе жазылған соң 7 күн күткен дұрыс. Айналадағы адамдар үшін солай қауіпсізірек болады", – дейді педиатр.

№6. Қалай алдын алуға болады?

Педиатрлардың айтуынша, алдын алудың ең тиімді жолдары:

  • Баланың қолын жиі жуғызу;
  • Тек таза: бөтелкедегі немесе қайнаған су ішу;
  • Жеміс-жидек пен көкөністі мұқият жуып жеу;
  • Иммунитетті көтеру.

Серіктестер жаңалықтары