20-26 қазан аралығында Қазақстан кинокөрермені онға жуық жаңа фильмді тамашалай алады. Олардың қатарында әлемдік өнер тарихындағы ең құпия туынды туралы деректі кино, Брюс Спрингстиннің шығармашылығы жайлы биографиялық драма, балаларға арналған мультфильмдер және отандық кинотуындылар жобалар бар.
"Габбидің сиқырлы үйі"
Премьерасы: 23 қазан 2025 жыл
Жанры: комедия, қиял-ғажайып
Шығу тегі: АҚШ, 2025 жыл
Ұзақтығы: 98 минут
Режиссері: Райан Крего
Бұл – "Gabby’s Dollhouse" анимациялық сериалының толықметражды нұсқасы. Габби әжесімен бірге Кэт‑Францискоға барғанда сүйікті қуыршақ үйшігін жоғалтып алады. Кейін оны мысықтарға құмар Вера алғанын біледі. Габии үйшікті қайтару үшін ойыншық мысықтарымен бірігіп, ерекше саяхатқа аттанады.
"Спрингстин. Мені ғайыптан құтқар"
Премьерасы: 23 қазан 2025 жыл
Жанры: өмірбаян, драма, музыка
Шығу тегі: АҚШ, 2025 жыл
Ұзақтығы: 120 минут
Режиссері: Скотт Купер
Брюс Спрингстиннің 1982 жылғы "Небраска" альбомының пайда болу тарихына арналған биопик. Фильмнің негізгі оқиғалары 1981 жылы болған: турдан кейін Спрингстин Нью‑Джерсиге оралып, қалай атақты әнжинағын өмірге әкелгенін көрсетеді.
"Финник 2"
Премьерасы: 23 қазан 2025 жыл
Жанры: мультфильм
Шығу тегі: Ресей, 2025 жыл
Ұзақтығы: 85 минут
Режиссері: Денис Чернов
Бұл бөлімде тылсым әлемнің қорғаушысы Финник өзінің көрінбейтін қасиетін жоғалтып алады. Соны қалпына келтіру үшін досы Кристинамен бірге сиқыршы іздеп, саяхатқа аттанады.
"Капитан Байтасов"
Премьерасы: 23 қазан 2025 жыл
Жанры: драма, экшн
Шығу тегі: Қазақстан, 2025 жыл
Ұзақтығы: 102 минут
Режиссері: Даурен Камшыбаев
Картина 2011 жылдың 12 қарашасында Таразда орын алған қайғылы оқиғаға негізделген. Полиция капитаны Ғазиз Байтасов өлімге бас тіккен террористі тоқтату үшін басын қатерге тігіп, бейбіт тұрғындарды құтқарып қалған. Фильм желісі осы оқиғадан екі күн бұрын басталады. Туынды бір адамның ерлігін және терроризмге қарсы күресті еске салуға арналған.
Оқи отырыңыз: "Фильм түсіре ме, футболға келе ме?". Әлеуметтік желіде Джеки Чан Қазақстанға келді деген ақпарат тарады
"Бензопила-адам. Фильм: Резе туралы хикая"
Премьерасы: 23 қазан 2025 жыл
Жанры: анимэ, атыс-шабыс, қиял-ғажайып
Шығу тегі: Жапония, 2025 жыл
Ұзақтығы: 100 минут
Режиссері: Тацуя Йосихара
Манга әлеміндегі танымал кейіпкер Дэнджи жаңа фильмде Резе есімді қызбен танысады. Бірақ көрермен бірден байқай алмайтын бұл жаңа кейіпкердің өз құпия мақсаты бар. Аниме жанкүйерлері Chainsaw Man франшизасының осы бөлімін асыға күтіп жүр.
"Әкеңнің баласы"
Премьерасы: 23 қазан 2025 жыл
Жанры: комедия, экшн
Шығу тегі: Қазақстан, 2025 жыл
Ұзақтығы: 90 минут
Режиссері: Ернар Нұрғалиев
Хамит түрмеден қашып шыққан соң, өзінің жалғыз мұрагерін құтқарғысы келеді. Сол кезде бала сүймеген ерлі‑зайыптылар дәл сол сәбиді тауып алады. Екі әке арасында балаға талас басталады. Бір жағында сатқындық пен билік, екінші жағында балаға деген махаббат пен отбасылық құндылықтар тұрған осы туынды "Кім шын әке бола алады?" деген сұраққа жауап іздейді.
"Горыныч"
Премьерасы: 23 қазан 2025 жыл
Жанры: ертегі
Шығу тегі: Ресей, 2025 жылё
Ұзақтығы: 100 минут
Режиссері: Дмитрий Хонин
Теңізші Алексей Алехин белгісіз князьдікке тап болып, жетім қалған кішкентай айдаһарды құтқарады. Кейін оны асырап алады. Осы оқиғадан кейін капитанның өмірінде бір‑біріне ұқсамайтын сынақтар пайда болады: Филимон князді қайғыдан арылту, жеңілмес Бамбуланы жеңу, елді дұшпандар мен сатқындардан қорғау, әрі ханшайыммен кездесу. Фильм отбасылық құндылық пен жауапкершілік туралы.
"Бақыт құшағында"
Премьерасы: 23 қазан 2025 жыл
Жанры: мюзикл, романтика, комедия
Шығу тегі: Қазақстан, 2025 жыл
Ұзақтығы: 96 минут
Режиссері: Санат Шапашов
Басты кейіпкер – бірнеше дипломы бар, бірақ жұмыссыз жігіт Бақыт. Ол Астанаға көшіп, ауырған інісін емдетіп, қарт анасын бағуды армандайды. Күтпеген жерден мұнай компаниясының басшысы Әлібектің көмекшісі болып жұмысқа орналасып, сұлу әрі өршіл Әнімге ғашық болады. Бірақ жаңа қызмет, пәтер мен көлік алғанына қарамастан, ол өзінің бақытын музыкада табады.
Бұл – қазақ киносының алғашқы музыкалық jukebox фильмі. Фильм үшін 13 әнді симфониялық оркестрмен қайта өңдеген. Фильм композитор Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай түсірілген.
"Тафити – Шөл даладағы саяхат"
Премьерасы: 23 қазан 2025 жыл
Жанры: мультфильм
Шығу тегі: Германия, 2025 жыл
Ұзақтығы: 81 минут
Режиссері: Нина Вельс
Таффитиге атасы басқа жануарлармен араласуға тыйым салады. Ол үнемі: "Дүние қауіпке толы" деп айта береді. Бірақ Таффити кездейсоқ ебедейсіз және көп сөйлейтін қабанмен танысқан соң, бәрі өзгереді. Жаңа достар бір-бірінен көп нәрсе үйренеді.
USD:
538.9 / 541.3
EUR:
624.5 / 628.5
RUB:
6.53 / 6.65